Белгілі сазгер Тұрсынғазы Рахимовқа Семейдің Құрметті азаматы атағы беріледі

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар аталған республикалық ән фестиваліне қатысып, кеш иесін құттықтады.
- Алаштан ән оздырған небір бұлбұл да, дүлдүл де осы бір қасиетті Абай елінен түлеп ұшқан болатын. Тұрсынғазы ағамыз бірнеше өлеңіне ән жазған Мұқағали да, кешегі Жәнібек те, Болат та, тіпті Әміре де мұндай құрмет көрмей кетті. Сол тұрғыдан алғанда Тұрсынғазы ағамыз бақытты әнші, бақытты композитор. Себебі, сонау 1992 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері атағын алды. Ал 2011 жылы Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. «Өнерпаз өз ортасына бірінші кезекте мінезімен сияды» деген Абайдың ғибратты сөзі осындайда ойға оралады. Тұрсынғазы ағамыздың өз халқына деген сәби махаббаты, мінезі мен ерекше өнері өз халқының, тыңдарманының жүрегін жаулауына септігін тигізді. Расында өнерпаз үшін бірінші кезекте халқының құрмет пейілінен, ыстық ықыласынан артық баға жоқ, - деп атап өткен Жақсылық Омар өнері иесіне ілтипат білдіре келе, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының құттықтауын жеткізді.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары алдағы уақыттарда Тұрсынғазы Рахимовтың құрметіне арналған ән фестивалін жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуге шешім қабылданғанын да айтып өтті.
Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов өнер иесіне Семей қаласының Құрметті азаматы атағы берілетінін мәлімдеді.
Өз кезегінде кеш иесі Тұрсынғазы Рахимов барша қауымға, ілтипат көрсеткен басшыларға алғыс білдіріп, осынау құрметке риза екенін жеткізді.
Өнер фестивалін ұйымдастыруға Шығыс Қазақстан облыстық Әміре Қашаубаев атындағы Семей Мемлекеттік филармониясының директоры Адай Азаматов бастаған Толу Сембаев, Сабыр Сыбанжанов сынды дәстүрлі әншілер ұйытқы болған.