Белгілі журналист-баспагер С.Әбдірайымұлы дүниеден озды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
С.Әбдірайымұлы Жамбыл облысы Талас ауданындағы Үшарал ауылында 1943 жылы мамырдың 5-інде дүниеге келді. Он сегіз жасынан өзінің туып өскен жерінде құрылысшы, тракторшы болып алғашқы еңбек жолын бастады (1961-1963). Одан кейін Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1968 жылы бітіріп шықты. 1965 жылдан бастап, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің кіші әдеби қызметкерінен бастап, өзінің еңбексүйгіштігі мен білімділігі арқасында жауапты хатшы қызметіне дейін өсті.
Ол «Жалын» баспасының музыка және өнер редакциясының бас редакторы, «Өнер» баспасын ұйымдастырушы және бас редактор қызметтерінде де кәсіби шеберлігін танытты (1979-1986). 1974 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін өзінің ұшқан ұясы - Қазақтың Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің журналистика факультетінде студенттерге дәріс беріп келді.
С. Әбдірайымұлы белгілі қаламгер ғана емес, білікті де беделді баспагер еді. 1990 жылы қыркүйек айында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанынан құрылған «Қазақ университеті» баспасының, 1993 жылы осы баспаның негізінде құрылған «Санат» баспасының қалыптасып дамуына ұйытқы болды.
Қаламгердің «Еңбек ері Ермеков» (2000), «Сол бір сұрапыл күндер» (2004), «Бес мүшел белесінде» көркем эсселері (2004), «Күнді көлегейлей алмайсың» (2003), «Нұрғиса», «Қазақстандықтар» атты шығармалары және «Брест қаһармандары» деректі фильмдері -көпшіліктің көңілінен шыққан туындылар еді. Ал оның Дінмұхамед Қонаевпен кездесулері нәтижесіңде дүниеге келген «Елу жыл ел ағасы», «Личность» атты еңбектері, «Самғау» эсселер жинағы бүгінгі және келешек ұрпаққа өз елінің өткенін білуге ынтықтыратын бағалы рухани байлық.
Журналист-жазушы С.Әбдірайымұлы түрік жазушысы Орхан Кемалдың «Тәлкекке түскен тағдыр» романын, Әзиз Несин, Расул Ғамзатов,Пауль Куусберг, Борис Васильев туындыларын тәржімелеп, қырғыз шешен, украин, беларус, молдаван және басқа ұлт жазушыларын қазақша сөйлетті. Олар «Мансап пен махаббат» деген атпен жеке кітап боп шықты.
Белгілі баспагер, журналист-жазушы, ұлағатты ұстаз С. Әбдірайымұлымен қоштасу ертең, қазанның 27-сі күні сағат 10.00-де Алматыдағы Жазушылар одағы үйінде өтеді. Осы күні сағат 13.00-де Панфиловшылар саябағындағы «Жұлдыз» мейрамханасында арнайы асы беріледі. Ал қазанның 30-ында Астана қаласындағы «Тұран» мейрамханасында С. Әбдрайымұлына арналып ас беріледі.