19:47, 12 Желтоқсан 2016 | GMT +5
Белгісіз біреулер 70 келі алтын әкеле жатқан инкассаторлық фургонды тонады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияда Лион қаласының маңынан өтіп бара жатқан алтын құймалары бар инкассаторлық фургонды тонап кетті.
France Presse агенттігі құқық қорғау органдарының дереккөзіне сілтеме жасап хабарлағандай, ұрылар 2,5 млн еуро тұратын, жалпы салмағы 70 келілік бағалы металды қолды еткен. Бұл жағдай бүгін түске дейін Лионға жақын аумақтағы А6 күре жолында - Париж бен Францияның оңтүстігін байланыстыратын орталық магистральда орын алды. Қылмыскерлер Лионның солтүстігіндегі Дардийи кенті маңындағы тас жолда фургонды күтіп тұрған. Белгілі болған деректерге сәйкес, ұрылар төртеу болған. Олар инкассаторлар машинасын тас бекітіп, барлық алтынды тонаған. Ал, инкассаторлық жүкті алып жүретін екі кісіні фургонға қамап, өрт қойған да оқиға орнынан іздерін суытқан.
Ішінде қалған инкассаторларды сол жерге дер кезінде жеткен жандармдар құтқарып үлгерді.