Бельгияда ескі ғимараттың жертөлесінен 9 млн еуроның алтыны табылды
АСТАНА. KAZINFORM – Бельгияның Дендермонде қаласында ескі ғимаратты қайта жаңғырту кезінде құрылысшылар жертөле қабырғасына жасырылған, ішінде шамамен 9 млн еуроның алтыны бар сейфті тапты, деп хабарлайды Anadolu.
Қазына De Brand компаниясының жұмысшылары ғимаратта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде табылған. Қазір бұрын сыра қайнату орны болған нысан CAW Oost-Vlaanderen әлеуметтік көмек орталығының кеңсесіне айналдыру үшін қайта жаңғыртылып жатыр.
Сейфтің ішінен алтын құймалар мен мыңдаған көне алтын монета шыққан.
– Табылған зат туралы ғимараттың иесі CAW ұйымына және құқық қорғау органдарына дереу хабарланды, – делінген ақпаратта.
Полицияға хабар берілгеннен кейін алтын қауіпсіз жерге жеткізілді.
Шығыс Фландрия прокуратурасы алтынның қайдан шыққанын анықтау және оның заңды мұрагерлерін іздеу мақсатында тергеу бастады.
Құны шамамен 9 млн еуро болатын қазынаның ақырында кімге тиесілі болатыны әзірге белгісіз.
Оқиға жұртшылыққа белгілі болғаннан кейін бұл ауданға алтын іздеуге ниетті тұрғындар көптеп келе бастаған.
Айта кетейік, Норвегия жерінен XI ғасырдың ең ірі қазынасы табылды.