Белгісіздік дәуіріндегі ШЫҰ: Азияның жаңа бағдары қалай қалыптасады

АСТАНА. KAZINFORM – Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бішкектегі саммиті жаһандық тұрақсыздық күшейген кезеңде ұйымның халықаралық аренадағы рөлін айқындай түсті. Мүше мемлекеттер мен серіктестер ортақ сын-қатерлерге қандай жауап іздеді және ШЫҰ бұл үдерісте қандай орын алады? Мәселені Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы тарқатты.

ШОС 2026
Фото: Ақорда

Күрделі кезеңдегі болжам

ШЫҰ саммитінен жаһандық мәселелерге тікелей жауап күтудің қажеті жоқ. Өйткені ұйым нақты шешім ұсынуға міндетті емес. Алайда әлемдік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер саммит аясындағы келіссөздерде кеңінен талқыланды.

Бұл қазіргі күрделі ахуалда ерекше маңызды. Себебі негізгі саяси үдерістердің бағыты көмескіленіп, ойын ережелері өзгеріп жатқан кезде алдағы, әсіресе орта мерзімді кезеңдегі жағдайдың қалай өрбитінін болжау қиындай түсті. Мұндай жағдайда саммит мемлекеттерге өзара пікір алмасып, ықтимал сценарийлерді бағалауға және алдағы қадамдарын нақтылауға мүмкіндік береді.

Жаһандық диалогтың маңызды алаңы

Бішкектегі саммит мемлекеттерге өзекті мәселелерді жоғары деңгейде талқылап, тікелей консультация өткізуге кең мүмкіндік берді. Ұйым мүшелері ғана емес, саммитке қатысқан өзге елдер де мәселелерін көршілерімен және серіктестерімен, сондай-ақ Қытай, Үндістан және Ресей секілді ықпалы өңірлік шеңберден әлдеқайда асатын ірі державалармен талқылай алды.

ШОС 2026
Фото: Ақорда

Осылайша, ШЫҰ алаңы мемлекетаралық қатынастардың жекелеген мәселелерімен шектелмей, жаһандық күн тәртібін де қамтиды. Бұған саммит аясында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның кездесуін мысал етуге болады. ШЫҰ серіктестері саналатын қос ел басшыларының келіссөзі Оңтүстік Кавказдағы ахуалға ықпал ететін маңызды оқиға болды. Бішкектегі кездесу ұзақ жылдарға созылған қақтығыстар мен соғыстардан кейін де өзара келісімге келудің мүмкін екенін көрсетті.

Ал саммиттің жаһандық күн тәртібіне шығуы халықаралық қатынастардағы кең ауқымды мәселелерді талқылауға жол ашты. Кездесу кулуарында Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынас, Ресей-Украина соғысы, АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс пен олардың халықаралық ахуалға ықпалы сөз болды. Сонымен бірге әлемдік сауда, протекционизмнің күшею қаупі және тауар жеткізілімдерінің тұрақтылығы да назардан тыс қалмады.

Мұның барлығы әлемдік экономика мен саясатқа тікелей әсер етеді. Әсіресе әлемдік саудаға тәуелді Қытай мен Үндістан секілді ірі экономикалар үшін оның маңызы зор. Экспортқа бағдарланған Қытай әлемдік сауданың негізгі ойыншыларының бірі ретінде жаһандық нарықтағы өзгерістерге ерекше мүдделі. Дегенмен мәселе ШЫҰ-ға мүше және саммитке шақырылған барлық елдер үшін маңызды, өйткені әлемдік нарықтағы ахуал олардың экономикалық тұрақтылығына тікелей ықпал етеді.

Сондықтан саммит кулуарында Азия елдерінің жаһандық саясаттағы, әсіресе экономикадағы жаңа сын-қатерлерге бірлесіп қалай жауап бере алатыны да талқыланды. Осы тұрғыдан алғанда, Бішкектегі саммит мемлекеттерге күрделі халықаралық ахуал жағдайында пікір алмасып, ұстанымдарын жақындастыруға және алдағы қадамдарын айқындауға мүмкіндік берді.

Қауіпсіздіктен өзара ықпалдастыққа дейін

ШЫҰ-ның халықаралық ұйым ретіндегі басты артықшылықтарының бірі – оның икемді құрылымы. Ұйым өңірлік қауіпсіздік мәселелерін шешумен қатар, күн тәртібіндегі жаңа сын-қатерлерге бейімделіп отырады.

Бастапқыда «Шанхай бестігі» негізінде құрылған ұйымның негізгі міндеттерінің бірі Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету болды. Осы бағытта ШЫҰ аясында нақты құрылымдар қалыптасты. Соның бірі – терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша тұрақты жұмыс жүргізетін Аймақтық терроризмге қарсы құрылым (АТҚҚ). Ал Бішкектегі саммитте ШЫҰ-ның Есірткіге қарсы орталығының атқарушы комитеті және мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне төнетін сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі әмбебап орталық туралы ережелер қабылданды.

Ұйымның икемділігі оның құрамындағы мемлекеттердің өзара қарым-қатынасынан да көрінеді. Мәселен, ШЫҰ мүшелері қатарында Үндістан мен Пәкістан бар. Екі ел арасында күрделі мәселелер болғанына қарамастан, олар ұйым жұмысына белсенді қатысып, ортақ құжаттарды қабылдайды.

Осы ұстаным ШЫҰ құрамына Иранның қосылуынан да көрінді. Иранды ұйымға қабылдау мәселесі кезінде түрлі пікірлер айтылып, оны қолдағандар да, қарсы болғандар да болды. Соған қарамастан, тараптар ортақ шешімге келіп, Иран ШЫҰ-ның толыққанды мүшесіне айналды.

Үндістан, Пәкістан және Иран факторы: ШЫҰ-дағы диалог

флаг индия, пакистан, иран
Коллаж: Kazinform

Қазіргі Парсы шығанағындағы шиеленісті жағдай бұл мәселенің маңызын одан әрі арттыра түседі. Мәселен, Қытай мен Үндістанға мұнай жеткізу тұрақтылығы тікелей осы өңірдегі ахуалға байланысты. Соған қарамастан, Иранның ШЫҰ құрамына қосылуы ұйымның түрлі мүдделері тоғысқан жағдайда да өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік беретінін көрсетті. Қауіпсіздік мәселелері ұйым қызметінде маңызды орын алғанымен, ШЫҰ әскери-саяси блок емес.

Осы ерекшелігі ШЫҰ аясында Үндістан мен Пәкістан, сондай-ақ Иран арасындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Қатысушы мемлекеттер консультациялар өткізіп, өз ұстанымдарын білдіріп, ортақ шешім іздей алады. Бұл – өткір мәселелерді диалог пен келіссөз арқылы реттеуге негізделген шығыс елдеріне тән тәсіл. Мұндай келіссөздердің барлығы бірдей жария түрде өтпейді. Алайда олардың өзі тараптардың өзара түсіністікке келуіне жол ашады.

Ауғанстан төңірегіндегі ортақ ұстаным

Иранның ШЫҰ құрамына кіруі Ауғанстан төңірегіндегі ахуалды тұрақтандыруға ықпал ететін маңызды факторға айналғанын айту қажет. Ауғанстан ұйымға мүше болмаса да, бақылаушы мәртебесіне ие. Бұл ондаған жыл бойы соғыс пен сыртқы саяси қайшылықтардан зардап шеккен елдің айналасындағы шиеленісті төмендету үшін маңызды.

Кабул
Фото: Сауда министрлігінің баспасөз қызметі

Бүгінде ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер Ауғанстанның, әсіресе оның экономикасының дамуына мүдделі екенін ортақ ұстаным ретінде білдіріп келеді. Бұл бүкіл өңірдің экономикалық байланыстарын кеңейтуге, соның ішінде Ауғанстан мен оған көршілес елдер арқылы жаңа сауда бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай жобалар Орталық Азия мемлекеттері үшін де маңызды экономикалық перспектива ашады.

Әр мемлекеттің Ауғанстанға қатысты өзіндік сыртқы саяси ұстанымы бар. Соған қарамастан, ШЫҰ осы ел төңірегіндегі өңірде ортақ көзқарастарды қалыптастыруға мүмкіндік беретін негізгі алаңдардың біріне айналды. Бұл әсіресе бірнеше онжылдық бойы тұрақсыздық сақталған аймақта өзара іс-қимылды күшейту тұрғысынан маңызды.

ШЫҰ-ның күші – прагматизмде

ШЫҰ-ның икемді құрылымы ұйымға халықаралық аренада Батысқа кірмейтін мемлекеттердің мүдделерін білдіруге мүмкіндік береді. Алайда ұйым белгілі бір идеологиялық ұстанымға сүйенбейді әрі қандай да бір тарапқа қарсы бағытталмаған. Бұл – ШЫҰ-ның басты артықшылықтарының бірі. Сондықтан ұйымды белгілі бір балама қалыптастыруға ұмтылатын бірлестік ретінде қарастыруға негіз жоқ. ШЫҰ-ның негізгі тірегі – прагматизм.

Бұл ерекшелік қазіргі тұрақсыз кезеңде ұйымның мүмкіндігін одан әрі арттыра түседі. Мәселен, БРИКС аясында балама даму моделін қалыптастыру мәселесі жиі талқыланады. Ал ШЫҰ форматы саяси ұстанымдары әртүрлі, тіпті Үндістан мен Пәкістан секілді өзара қайшылықтары бар мемлекеттердің ортақ мүдделерін талқылауына мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, ШЫҰ көптеген Азия елдерінің мүддесін тиімді тоғыстыратын икемді алаң бола алады.

Ядролық қауіпсіздік пен әлемдік сауда

Бішкектегі саммитте қабылданған шешімдердің ішінде ядролық қауіпсіздікке қатысты құжаттың маңызы ерекше. Атап айтқанда, Қауіпсіздік мәселелері жөніндегі мемлекет басшылары кеңесінің декларациясында ядролық қауіпсіздік саласындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайту жөніндегі ортақ ұстаным бекітілді. Мәселенің маңызы жаһандық қауіпсіздікпен шектелмейді. Ядролық қатердің кез келген ушығуы қақтығыстардың кеңеюіне, экономикалық байланыстардың әлсіреуіне және әлемдік сауданың төмендеуіне әкелуі мүмкін. Соғыс неғұрлым ұзаққа созылса, азаматтық өнімдерге сұраныс соғұрлым азайып, сауда айналымы шығынға ұшырайды. Мұндай жағдай әлемдік экономикаға, әсіресе Қытай мен Үндістан секілді экспортқа бағдарланған елдерге тікелей әсер етеді.

Осы тұрғыдан алғанда, ядролық қауіпсіздік жөніндегі декларацияның қабылдануы ШЫҰ мүшелерінің ортақ ұстанымын айқын көрсетті. Оның ішінде төрт ядролық держава – Қытай, Ресей, Үндістан және Пәкістан бар. Құжат сонымен бірге ядролық қауіпсіздікке қатысты мәселелерде Қытайдың ұстанымын аңғартады. Бұл әсіресе Иранның ядролық бағдарламасына және оның АҚШ-пен күрделі қарым-қатынасына байланысты өзекті. Дегенмен ядролық қауіпсіздік мәселесі мұнымен ғана шектелмейді және халықаралық күн тәртібіндегі маңызын одан әрі арттырып отыр.

Аумақтық тұтастық – ортақ қағидат

Сондай-ақ саммитте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ШЫҰ елдері қарсы тұратын «үш зұлымдық» – терроризм, экстремизм және сепаратизм тұжырымдамасына тоқталғанына назар аударған жөн. Бұл ұғым соңғы жылдары, әсіресе Қытай тарапынан белсенді қолдау тауып келеді. Оның ішінде сепаратизм мәселесі Тайвань төңірегіндегі ахуалмен тікелей байланысты. Тайвань халықаралық деңгейде Қытайдың бір бөлігі ретінде танылады, алайда арадағы қарым-қатынас әлі де күрделі.

ШОС 2026
Фото: Ақорда

Осы тұрғыдан алғанда, «үш зұлымдық» ұғымы мемлекеттердің аумақтық тұтастығын сақтау қағидатымен сабақтасып жатыр. Ол – халықаралық қатынастар жүйесіндегі іргелі ұстанымның бірі. Сондықтан оның ШЫҰ күн тәртібінде көрініс табуы, әсіресе аумақтық тұтастық мәселесі өзекті болып отырған өңір үшін де айрықша мәні бар.

Шанхайдағы «бестіктен» жаһандық бірлестікке дейін

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 1996 жылы Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстан құрған «Шанхай бестігі» форматынан бастау алды. Ол кезеңде негізгі мақсат Ауғанстаннан туындайтын сын-қатерлер күшейген тұста өңірлік қауіпсіздік мәселелерін ымыралы жолмен шешу болды.

Алайда отыз жыл ішінде ұйымның күн тәртібі де, ауқымы да айтарлықтай өзгерді. ШЫҰ өңірлік қауіпсіздік мәселелерімен шектелмей, жаһандық деңгейдегі саяси және экономикалық үдерістерге ықпал ететін ірі алаңға айналды.

Бүгінде ол Батысқа кірмейтін мемлекеттердің басын қосатын, даму әлеуеті жоғары ең ірі халықаралық бірлестіктердің бірі саналып отыр.