Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында зейнеткерлерге қандай қызметтер тегін көрсетіледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының 8 ауданында да Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары жұмыс істейді.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында егде жастағы тұрғындарға арналған 71 түрлі қызмет көрсетіледі. Тегін ұсынылатын бағдарламалар азаматтардың денсаулығын нығайтуға, білімін арттыруға және белсенді демалысын ұйымдастыруға бағытталған. Орталықтар сауықтыру, білім беру, психологиялық қолдау, бос уақытты мазмұнды өткізу және әлеуметтік белсенділікті арттыру сынды бірнеше негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді.
– Сауықтыру бағыты аясында емдік дене шынықтыру, йога, тыныс алу жаттығулары және скандинавиялық серуен бойынша сабақтар өткізіледі. Білім беру бағыты аясында компьютерлік сауаттылық курстары, смартфонды тиімді пайдалану дағдылары, шет тілдерін меңгеру, сондай-ақ қаладағы жоғары оқу орындары негізінде жұмыс істейтін «Күміс университеттерге» қатысу мүмкіндігі қарастырылған, - деп хабарлады әкімдіктен.
Одан бөлек аталған орталықтарда психологиялық қолдау мәселесіне ерекше мән берілген. Оның ішінде есте сақтау қабілетін дамытуға арналған тренингтер, күйзелісті төмендету және эмоционалдық әл-ауқатты арттыруға бағытталған сабақтар өткізіледі. Сондай-ақ шығармашылық бағытта вокал өнері, театр студиялары, арт-терапия, түрлі қызығушылық клубтары, сондай-ақ экскурсиялар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
– Орталықтардың басты мақсаты – азаматтардың белсенді өмір салтын ұзарту, әлеуметтік оқшаулануды азайту және белсенді ұзақ өмір сүру мәдениетін қалыптастыру. Бағдарламаларға зейнет жасындағы Алматының барлық тұрғыны қатыса алады. Қызмет тегін көрсетіледі, - деп атап өтті әкімдіктен.

Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары:
– Алмалы ауданы, Мәуленов көшесі, 46-А;
– Медеу ауданы, Төле би көшесі, 24 в;
– Бостандық ауданы, Сейфуллин көшесі, 597
– Бостандық ауданы, Абай даңғылы, 44 (Балуан Шолақ спорт кешені) мекенжайында орналасқан.
Аудан бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары:
– Алатау ауданы: Нұркент шағынауданы - 5, корпус 22, 2 қабат;
– Алмалы ауданы: Желтоқсан көшесі, 29;
– Әуезов ауданы: «Тастақ-1» шағын ауданы, 3 үй; Афцинао көшесі, 3 а;
– Бостандық ауданы: «Нұр Алатау» шағын ауданы Шукенов көшесі, үй 66 а; «Шахристан» шағын ауданы, Науаи көшесі, 208/2 үй, 268-269 кеңсе; Әбілхайыр хан көшесі, 150;
– Жетісу ауданы: «Кемел» шағын ауданы, Есім хан көшесі, 127а; «Айнабұлақ-2» шағын ауданы, 32/2 үй;
– Медеу ауданы: Жангелдин көшесі, 31/2, 3-қабат, 316-кеңсе; «Думан» шағын ауданы, Болашақ көшесі, 12;
– Наурызбай ауданы: «Қарғалы» шағын ауданы, Кенесары хан көшесі, 54/42, «Хан Тәңірі» ТК; Кенбаев көшесі, 5; «Шұғыла» шағын ауданы, 340/35 үй, 13-корпус;
– Түрксіб ауданы: Волгоград көшесі, 63; Поддубный көшесі, 65; Заветная көшесі, 17.
Еске салайық, былтыр Алматыда жаңа Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылды.