Бен Ладеннің жаңа фотосуреті үшін ФБР сотқа тартылуы мүмкін

АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат - Фотосуреті бен Ладеннің жаңартылған суретіне негіз болған испандық саясаткер Федералдық тексеру бюросын (ФБР) сотқа бере алады.

Бен Ладеннің  жаңа фотосуреті  үшін     ФБР сотқа  тартылуы мүмкін

АҚШ Мемлекеттік департаментінің сайтында, іздеуде жүрген лаңкестер бөлімінде жарияланған «№1 лаңкестің» жаңа фотосуретімен өз фотосының қатты ұқсастығы Испания Парламентінің мүшесі Гаспар Льямасарестің ашуын туғызып отыр.

Г.Льямасарестің айтуынша, заманауи келбетте және қысқа шашты етіп бейнеленген бен Ладеннің жаңа фотосуретін жасау үшін ФБР депутат фотосын пайдаланған. Испан саясаткері «АҚШ өкіметіне қатысты сот амалының басталу ықтималдығын жоққа шығармайды». Ол сондай-ақ «орын алған бұл оқиғаның американ арнайы қызметтерінің жұмыстарының төмен деңгейін көрсететінін» мәлім етті, деп хабарлайды CNN агенттігі.

Г.Льямасарестің айыптауларына түсіндірме берген ФБР өкілдері, «қартайған» бен Ладеннің фотороботын жасау үшін шын мәнінде саясаткердің фотосуретін қолданғандарын мойындап отыр. Олар бұл әрекеттерін мәліметтер базасында «лайықты материалдың» табылмағанымен, сондықтан да суретшілердің бірі Интернеттен табылған саясаткердің суретін пайдалануды ұсынғанын айтып, «ақталуда».

Естеріңізге сала кетейік, осының алдында АҚШ Мемлекеттік департаментінің сайты жасына қарай өзгертілген және сақал-мұрты алынған Усама бен Ладеннің жаңа фотороботын жариялаған болатын.

Федеральдық тергеу бюросы (ФБР) компьютерлік бағдарламаның көмегімен «№1 лаңкестің» қазіргі фотосуретін жасап шығарады. Американдық арнайы қызметтердің қарауында бұған дейін бен Ладеннің 1998 жылы жасалған ескі суреті болып келген.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің сайтында бен Ладеннен басқа, іздеуде жүрген барлық халықаралық лаңкестер туралы ақпараттар, олардың фотосуреттері және оларды ұстау үшін жарияланған сыйақы сомалары жарияланған.

АҚШ бен Ладенді ұстаған жанға 25 миллион доллар төлеуге дайын. Бірақ та 2001 жылдан бері оның қайда жүргені белгісіз.