Бенин Қазақстан үшін Африка құрлығына шығатын порт болуға ниетті – Олушегун Аджади Бакари
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордаға Бенин Республикасының Сыртқы істер министрі Олушегун Аджади Бакари ресми сапармен келді.

Мәртебелі мейманды ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қарсы алды.
- Бенин көпжақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді, себебі қазіргі заманғы әлем жағдайында елдермен көпжақты байланыс орнату аса маңызды. Сонымен қатар, Бенин халықаралық құқықты құрметтейді және дәл осы ортақ құндылықтарды сақтау мен тұрақты негіздерге сүйене отырып, елдеріміз жаңа деңгейге көтеріле алады, - деді Олушегун Аджади Бакари екіжақты кездесу барысында.
Шетелдік мейманның мәлімдеуінше, Бенин Қазақстанмен ортақ құндылықтар негізінде берік әрі серпінді қарым-қатынас орнатқысы келеді.
- Шын мәнінде, біздің ортақ құндылықтар мен ортақ көзқарас Бенин мен Қазақстан арасында берік қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Әсіресе біз жеке кездесу барысында талқылаған ауыл шаруашылығы, цифрландыру, энергетика және көлік саласындағы ынтымақтастық маңызды. Сонымен қатар Бенин Қазақстан үшін Африка құрлығына шығатын порт, қолжетімділік нүктесі болуға ниетті. Біз ортақ құндылықтарды бөлісе отырып, талқыланған мақсаттарға бірге жете алатынымызға сенімдімін, - дейді ол.
Айта кетсек, Қазақстан мен Бенин Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 2011 жылы 13 қыркүйекте орнатылған.
Осыған дейін Қазақстан мен Бенин арасында бірқатар меморандумға қол қойылғаны туралы хабарладық.