Бензин бағасының өзгеруі Қазақстан үшін заңдылық болғалы тұр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы уақытта көмірсутек нарығы төңірегіндегі мәселелер мұнайлы Қазақстан үшін де өзекті бола түсті. Оның біріншісі «қара алтынға» әлемдік бағаның құбылуы. Бағаның мұнай баррелі үшін 95-90 долларға қарай құлдырауы - бұл былтырдан бергі әлемдік нарықта күтілсе де, бола қоймаған жағдай. Ел бюджетін қалыптастыруда көмірсутек экспортының басым рөл атқаратынын ескерсек, жағдайдың одан сайын өршуі шындығында алаңдатады. Сосын мұнайдың әлемдік бағасы құлдыраса да, Қазақстандағы мұнай өнімінің бағасы еш төмен түспейтіні бесенеден белгілі. Екінші мәселе - Қазақстанның өз ішіндегі жанар-жағармай нарығындағы жағдай. Тамызда бензин төңірегінде берекездік алып, кейін жоғары октанды жанармай бағасы 128 теңгеге бірден артты. Бағаны былай қойыңыз, «бензин жоқ» деген дүрбелең етек алып, атқарушы билік бұл мәселені әрең ауыздықтағандай болды.
Бензинге қатысты берекесіздікке келсек, мүдделі министрліктегілер мұны ең алдымен көршілес Ресейдегі жағдайға сілтеген. Теріскей көршіден импортталатын жоғары октанды бензин көлемі тамыздың соңына таман күрт азайып, алдымен баға кетті, сосын тапшылық туды. Бақсақ, Ресейде де бензинге бағаның тым қымбаттығы да айтылған болатын. Осыған орай, «Қазақстанның отын қауымдастығы» түрлі факторды алға тартып, Қазақстандағы бензиннің шекті бағасын одан сайын көтеруді сұраған. Расында, бұл солай: АИ-92 Қазақстанда - 128 теңге, Ресейде 160 теңге, дизельдік отынның бір литрі Қазақстанда - 115 теңге, Ресейде 172 теңге тұрады. Сондықтан да Ресейден мұнай өнімдерін қымбатқа сатып алып әкеліп, оны Қазақстанға арзанға сатуға ешкім құлықты болмайды, мұның соңы тапшылыққа ұласпас үшін қауымдастық елімізде де бензин бағасын көтеруді ұсынғаны есте. Бұны Үкімет қолдамады, дегенмен, атқарушы биліктің шешiмiмен «ҚазМұнайГаз» компаниясы өзiне пайдалы болмаса да, қымбат бензинді Ресейден сатып алып, Қазақстанға әкеліп сата бастады. Бұл елдегі бензинге бағаның тұрақтылығын қамту мақсатындағы шара болатын.
Кейіннен, Ресейдің өзі бензиннен тапшылық көре бастаған тұста Энергетика министрлігі Әзербайжан мен Түркiменстаннан жанармай жеткiзу мәселесiн қарастырған еді. Бүгiнге дейін мың тоннадан астам өнім Әзербайжаннан жеткізіліп те үлгерді. «Біздің зауыттар бензинге қатысты келiсiлген көлемнiң өзiн бiзге бере алмай отыр дегіміз келеді. Сондықтан, «ҚазМұнайГаз» басқа тараптармен де келiссөздер жүргiздi. Қазiргi уақытта әзербайжандық «SOKAR» компаниясының бензин жеткiзу мүмкiндiктерi қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, Түркiменстаннан жанармай жеткiзу мәселесi де бар», - деді Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин.
Сөйтіп, Қазақстандағы мұнай өңдеушi зауыттар мүмкiндiгiнше жүктемеленіп, олардың жұмыс қуаты бүгiнгi күнi рекордтық көрсеткiштерге шыққан. Тіпті, еліміздегі бензин тапшылығын болдырмау мақсатында Үкімет Шымкент мұнай өңдеу зауытының жоспарлық жөндеу жұмыстарын 2015 жылдың ақпанына дейін шегеруге де барды. «Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын жөндеуге жабу жұмыстарын келесі жылдың ақпан-сәуір айларына дейін шегере тұру жайы талқыланып жатыр. Аталған шара еліміздің ішкі нарығындағы жанар-жағармайға деген тапшылықты жою мақсатында барлық мұнай өңдеу зауыттарын толықтай жүктемемен жұмыс істетуге жұмылдыру үшін жасалуда», - деп түсіндірді Ұзақбай Қарабалин. Айтпақшы, үздіксіз жанармаймен қамтуды көздеген билік Президент жүктеген төртінші жаңа зауыт туралы тапсырмасын орындаудан бас тартып, оның орнына сол Шымкенттегі зауыттың қуатын арттыруды қарастырмақ. Айталық, «Kazenergy» қауымдастығының 2013 жылғы Ұлттық энергетикалық баяндамасын таныстыру барысында қауымдастықтың бас директоры Әсет Мағауов Қазақстанда бензиннің жетіспейтін көлемін сырттан тасымалдау еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту аяқталғанша жалғасатынын атап өткен болатын. «Әлемдегі үрдіске тоқталатын болсақ, шағын мұнай өңдеу зауыттары бәсекеге қабілетті емес, яғни 5 млн. тоннаға дейінгі зауыттарды жапқан дұрыс. Сондықтан елімізде 1-2 млн. тонна мұнай өнімдері жетіспей тұрған кезде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу экономикалық тұрғыда тиімсіз. Атап айтқанда, біз мұнай өңдеу қуатын 18 млн. тоннаға дейін арттырып жатырмыз, сондай-ақ ашық түсті мұнай өнімдерін шығару қамтамасыз етіледі. Осы орайда ортамерзімді болашақта барлық қажеттілікті Қазақстандағы үш зауыттың есебінен жабатын боламыз, бұл мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртылғаннан кейін жүзеге асады. Сонымен қатар, болжам бойынша 2024-2025 жылға қарай мұнай өнімдерін тұтыну көлемі артатын болады», - деді қауымдастық басшысы Әсет Мағауов. Оның пайымынша, еліміздегі үш зауыттың бірін кеңейтуге әлеует бар, соның ішінде Шымкент мұнай өңдеу зауытына екпін салынып, қуаттылығын бұдан ары қарай кеңейту көзделеді.
Сөйтіп, Қазақстан ішкі сұранысты толық қанағаттандыру үшін елдегі үш зауыттың қуатын толық пайдаланбақ. Ал Әзербайжан мен Түркімен мұнайын қашанға дейін тасимыз дегенге келсек, қазір Ресеймен де келіссөз қалыпқа келе бастаған сыңайлы. Бұған дәлел: Атырауда өткен ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумында ҚР Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин Қазақстандағы жоғары октанды бензин бағасының тұрақтанатынын айтып қалды. «Ресеймен келісімшарттар жасастық. Мұны оң бағыт алған нарықтағы жағдайдан да көруге болады. Тапшылық бұрын болған, әлі де байқалуда. Шамамен 30 пайыз. Оны Ресей есебінен жабуымыз қажет. Бастысы мұнай өнімдері Ресейден тасымалдана бастады», - деді Ұзақбай Қарабалин. Сонымен қатар, Қарабалиннің сөзіне қарағанда, жанар-жағар майдың құны әзірге өзгеріссіз қалады. Дегенмен, бұл тек әзірше ғана. Өйткені, бұған дейін «баға өспейді» деген болжамды нақтылап айтып, аузы күйген Ұзақбай Қарабалин ендігіде «қымбаттатпаса болмайды» дегенге саятын мәлімдеме жасай бастағанын байқаймыз. «Менің ойымша, уақыт өте баға көтерілуі тиіс. Жанымыздағы 30-40 елдің ішіндегі ең арзан жанар-жағар май бізде екені белгілі. Қазақстан бүгінде - еуразиялық кеңістікте ең арзан жанар-жағар майы бар мемлекет. Біздің аумақпен өте көлемді жүк көліктері өтеді, барлығы Қазақстан шекарасына жетіп, мұнда көліктерін жанар-жағар майға толтырып шығаруды қалайды. Жүк көліктеріне тоннаға дейін жанар-жағар май құйылатынын айтпаса да болатын шығар. Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» ҰК Үкіметтің тапсыруымен жанар-жағар майды сатып алып, оны арзан бағамен сатуда. Осылайша шығындалып жатыр. Бұл қашанғыға дейін жалғасады? Меніңше, уақыт өте баға өсуі тиіс», - деді Ұ.Қарабалин. Қысқасы, баға өзгермейді, бірақ бұл әзірше ғана.
Алайда, мұнай өнімдерінің нарығындағы баға құбылысынан бөлек алаңдататын тағы бір мәселе бар. Мәселен, Мәжіліс депутаты Рауан Шаекин еліміздің ішкі нарығында мұнай өнiмдерiнің бөлшек саудасына мемлекеттiк реттеу болмай отырғанын айтып, теңгерімсіздікке алып келген осындай реттеудің көтерме саудада да қарастырылмауы дүрбелеңге себеп болып отырғанын алға тартады. Оның сөзіне қарағанда, 2014 жылғы 21 тамыздан бері елімізде жанар-жағар майдың барлық түрінің бағасы орта есеппен 4 пайызға өскен. «Бұл бөлшек сауда рыногындағы жағдай. Ал республикамыздың мұнай өнімдерінің көтерме сауда рыногында не болып жатыр?», - дейді Шаекин. Оның айтуынша, көтерме сауда деңгейінде сатушыларға шектеу болмағандықтан, олар еш қиындықсыз нарықта манипуляция жасай алады. «Өзіңіз қараңыз, АИ-92 маркалы бензиннің жылдық тұтыну мөлшері 2,8 млн. тонна, дизель отыны - 4,6 млн. тонна. Қазақстанның үш мұнай өңдеуші зауыты («Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС) жалпы алғанда жыл сайын 1,9 млн. тонна АИ-92 бензинін және 4,0 млн. тонна дизель отынын өндіреді. Өндіру мен тұтыну арасындағы жетіспейтін мөлшер Ресейден жеткізіледі. Осы мақсатта ағымдағы жылдың наурыз айында Ресейден жеткізілетін мұнай өнімдерінің бірыңғай операторы ретінде - «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС компаниясы құрылды. Бұл жағдайды министрлер «мұнай өнімдерінің импорттық жеткізулерін және ішкі рыноктың тұрақтылығын реттеу мақсатында жасап жатырмыз» деп түсіндірген болатын. Ал «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС-ның жұмысы туралы ол құрылған сәттен бастап мемлекеттік органдардың ақпараттарында көрсетілмеді. Егер компания Ресейден Қазақстанға белгілі бір көлемді жеткізген болса ол қандай отын, қай аймақтарға, қандай нарыққа (көтерме, бөлшек) жеткізілген, яғни оның қызметі ашық болмады және онда тұрақтылық еш байқалған емес. Нәтижесінде үйреншікті жағдай қалыптасты, мұнай және газ министрі халықты қараша айына дейін баға көтерілмейді деп сендіргенімен барлығы керісінше болды», - дейді Р. Шаекин. Осыған байланысты, депутат мұнай өнімдерін тасымалдаушылардың үстінен бақылап, олардың бағасына мемлекеттік реттеу жасау қажеттігін алға тартады. Оның пікірінше, бұл салада да бәсекелестік болу керек. «Сондықтан да, барлық тауарлар мен қызметтердің өзіндік құндарының құрамында болғандықтан, біз назарды бөлшек саудаға ғана емес, көтерме саудаға да барынша аударуымыз керек. Негізі көтерме баға бөлшек бағадан қалайда арзан болады - бұл сауда қатынастарындағы қатып қалған аксиома. Алайда жанар-жағармайдың барлық түрлерінің көтерме бағасы бөлшек сауда бағасынан 10%-ға қымбат, ал бұл барлық тауарлар мен қызметтерге әсер етпей қоймайды», - дейді ол.