Бензин саласындағы қарбалас артта қалды - Энергетика министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, бұған дейін бензин тапшылығы болған. Алайда қазіргі кезде ондай проблема жоқ, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бензин саласындағы қарбалас артта қалды - Энергетика министрлігі

«Шыны керек, шілдеден бастап бензин қоры азая бастады. Дегенмен, импорттың арқасында жағдайдың жақсарғанын байқап отырмыз. Мәселен, соңғы бір аптаның ішінде АИ-92 маркалы бензиннің қоры 120-128 мың тоннадан 134 мың тоннаға өсті. Бұл дегеніміз, барлық мұнай базаларында бензиннің қоры 5 пайызға артты», - деді Мағауов бүгінгі брифингте.

Оның айтуынша, Қазақстандағы бензиннің 30 пайызы сырттан тасымалданады. Аталған отынның дені - Ресейдің мұнай өнімдері.

«Маусымда көрші мемлекеттен 42 мың тонна өнім импортталды. Шілде мен тамызда - 60 мың тонна, ал осы айдың он күнінде шамамен 50 мың тонна жеткізілді. Барлығы 100 мыңдай тонна импортталады. Қазіргі кезде ірі жанар-жағармай құю стансалары қажетті бензиннің көлемін рәсімдеп алды. Негізі, бензин саласындағы қарбаласты еңсердік деуге болады»,  - деп атап көрсетті вице-министр.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев бензин тапшылығына қатысты түсінік берді.