Катонқарағайға жету жеңілдейді: 12 шақырымдық жаңа жол қарашада ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстанда көлік қатынасын жеңілдететін жаңа жол қарашада іске қосылады. Ұзындығы 12 шақырымға жуық Осинов асуын айналып өтетін бағыт қазіргі жолды шамамен 6 шақырымға қысқартып, қыста қозғалысы күрделенетін учаскедегі қауіпсіздікті арттырмақ. 

Катонқарағайға жету жеңілдейді: 12 шақырымдық жаңа жол қарашада ашылады
Фото: ШҚО әкімдігі

Бүгінде ұзындығы 12 шақырымға жуықтайтын жолдың негізгі бөлігі дайын. Жолды қараша айының бірінші онкүндігінде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта көпір құрылысын аяқтау ғана қалды.

Катонқарағайға жету жеңілдейді: 12 шақырымдық жаңа жол қарашада ашылады
Фото: ШҚО әкімдігі

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа жолға барып, құрылыс барысын тексерді. 

— Жаңа жолдағы көпірдің ұзындығы 176 метр, ал биіктігі 45 метрді құрайды. Жолдың тағы бір маңызды ерекшелігі — оның бұрынғы айналма бағытпен салыстырғанда шамамен 6 шақырымға қысқа болуы. Бұл жүргізушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді, — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Катонқарағайға жету жеңілдейді: 12 шақырымдық жаңа жол қарашада ашылады
Фото: ШҚО әкімдігі

Осинов асуы — қыста ауа райының қолайсыздығына байланысты көлік қозғалысы күрделенетін учаскелердің бірі. Жаңа жолдың іске қосылуы осы аумақтағы қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, көлік қатынасын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңа бағыт Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін дамыту үшін маңызды. Жол пайдалануға берілгеннен кейін демалушылар Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарындағы туристік нысандарға қауіпсіз әрі қысқа бағытпен жете алады. 

Катонқарағайға жету жеңілдейді: 12 шақырымдық жаңа жол қарашада ашылады
Фото: ШҚО әкімдігі

Айта кетейік, жол инфрақұрылымын жаңарту — өңірдің туристік тартымдылығын арттырумен қатар, елді мекендер арасындағы байланысты жақсартуға және тұрғындар мен қонақтар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.

Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі әуежайларына қай әуе компанияның ұшағы қатынайтынын мына сілтемеден оқыңыз.