Бердібек Сапарбаев: «Ақтөбе - еуропа мен Азияның қақпасы»
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилумен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасында экономикалық әріптестікті дамыту мәселелері сөз болды, деп жазады Ақтөбе» газеті.
Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы арасындағы қарым-қатынас 1992 жылы қалыптасқан.
- Иран мемлекеті Қазақстанның саяси экономикалық әріптесі болып есептелінеді. Соңғы кезде екі елдің Мемлекет басшылары арасындағы кездесулердің нәтижесінде байланыс одан әрі нығайып, халқымыздың тұрмыс деңгейінің көтерілуіне жол ашылды. Бүгінгі күні екі ел арасындағы сауда-саттықтың әрі қарай ұлғаюына Түрікменстан арқылы ашылған жаңа теміржол желісінің маңызы зор. Келешекте бұл жол екі мемлекеттің арасындағы сауда айналымының ұлғаюына өз үлесін қосады.
Иран мен Қазақстан - діні, тарихы бір мемлекеттер. Қандай қиын кездер болмасын, әруақытта бірін-бірі қолдап келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тек мемлекеттер ғана емес, өңірлер арасында да қарым-қатынасты дамыту қажеттігін айтқан болатын. Жыл басында Тегеранда екі мемлекет кәсіпкерлері арасында экономикалық әріптестікті одан әрі дамыту мақсатында форум өтті. Бұл форумға ақтөбелік делегаттар да қатысып, бірқатар келісімшарттарға қол қойып келді.
Ақтөбе - Қазақстандағы индустриясы, ауыл шаруашылығы дамыған өңірлердің бірі. Бізде барлық пайдалы қазбалар бар. Ең негізгісі - мұнай, газ, түсті, қара металдар, химия өнімдері жеткілікті. Содан кейінгісі - ауыл шаруашылығы.
Ақтөбе - Еуропа мен Азияның қақпасы. Біздің өңір арқылы Еуропа мен Азияға транспорттың қай түрі де өтеді. Ресей бізден 70 шақырым жерде орналасқан. Бұл - кәсіпкерлердің бизнес жүргізуі үшін ыңғайлы өңір, - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Өңір басшысы ирандықтарға Ақтөбенің мүмкіндіктерін кеңінен таныстырды. Әсіресе, Астана-Арқалық-Ақтөбе бағытында салынатын тас жол арқылы тікелей Атырау мен Ақтауға, әрмен қарай Иран мемлекетіне жетудің тиімділігіне ерекше тоқталды.
- Шалқардан Бейнеуге дейін теміржол ашылды. Бұрын Ақтауға Ақтөбе, Атырау арқылы айналып баратын болса, қазір осы теміржол арқылы тікелей жетуге мүмкіндік туды. Екі ортадағы жол қашықтығы 12 сағатқа қысқарды. Теміржол желісінің кәсіпкерлерге тиімділігі мол. Осы жол арқылы екі ел арасында сауда айналымын кеңейтуге мол мүмкіндік бар, - деді Бердібек Машбекұлы.
Кездесу барысында облыс әкімі ирандықтарға бірқатар ұсыныстар айтты. Соның бірі - өңірге геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу. Облыс басшысы ирандық кәсіпкерлерді Ақтөбеде өндіріс саласын дамытуға, бұл бағытта бірлесіп жұмыс жүргізуге шақырды. «Ауыл шаруашылығында жеріміз жеткілікті. Қазірдің өзінде
1 миллион 200 мың гектар жерді ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалануға болады. Біз ирандық кәсіпкерлерге бидай, арпа, сұлы, тары және көкөніс өнімдерін егуге ниет білдірсе, қолдау танытамыз, керекті жерді беріп, инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге дайынбыз. Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда Ақтөбеде су, газ, жылу, жарықтың бағасы әлдеқайда төмен. Бұл да кәсіпкерлерге өзінің тиімділігін береді», - деп өңір басшысы Моджтаба Дамирчилуге бүгінде Ақтөбеде шетелдік инвесторларға қызмет көрсететін орталықтың жұмыс жасайтынын, ондағы мамандардың инвестициялық жобаларға байланысты құжат рәсімдеу және өзге де мәселелерде кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қолдау білдіретінін атап кетті.
Кездесу барысында Тегерандағы қол қойған меморандумдардың орындалуы жөнінде сөз болды. Жарты жылдан астам уақыт өтсе де әлі көп меморандумда қозғалыс жоқ. Әзірге ирандық кәсіпкерлердің бізде құс фабрикасы және басқа да ауыл шаруашылығы құрылымдарын дамыту жөнінде қол қойылған келісімдері жүзеге аспай отыр. Осындай келісімдердің бірі - ирандық компанияға 20 жылға Ақтөбенің үш ауданынан 10 мың гектар суармалы жер беру көзделген. Компания өкілдері Ақтөбеде болып, жерді өз көздерімен көрген. Нәтижесінде жердің жағдайымен жете танысу үшін мамандарын жіберіп, келер жылдан бастап бидай, арпа егуді қолға алатын болып тарқасқан. Сондай-ақ, ирандық кәсіпкерлер Ақтөбеде көлемі 40 гектарға жететін жылыжай салатын болып келіскен. Сонымен қатар, олар аймақтан 10 мың сиыр, 100 мың қой алмақ болған. Тіпті мал етін де тексеріп көрген. Өкінішке қарай, арада қанша уақыт өтсе де, ирандық кәсіпкерлер тарапынан еш хабар жоқ.
- Біз жылына 350-400 мың тонна бидай жинаймыз. Иранға бидай беруге дайынбыз. Өткен жылы біз Иранға 43 мың тонна бидай және дәл сондай көлемде арпа жібергенбіз. Біз бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастыруға дайынбыз. Қазір бидай ору науқаны жүріп жатыр, оның үстіне біздегі бидайдың сапасы басқа өңірлердің бидайының сапасына қарағанда әлдеқайда жоғары. Ирандық компания өкілдері Ақтөбеге келгенде бидайды, сол бидайдан өндірілген нанды көрді. «Осындай бидай бізге керек, біз оны аламыз», - деп жақсы бағасын берген болатын. Ауыл шаруашылығы болсын, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, өнер саласынан ұсыныстарыңыз болса, біз қолдауға дайынбыз, - деді Бердібек Сапарбаев.
Елші Моджтаба Дамирчилу өз сөзінде Ақтөбеге келіп, бұл аймақтың әлеуетімен жақын танысуға мүмкіндік туғаны үшін қуанышты екенін білдіріп: «Мен бұл өңірдің мүмкіндіктерін сырттай біліп жүргенмін, хабардармын. Өңірге инвестиция тартуда мұндай инвестициялық форум өткізудің маңызы ерекше. Мен екі мемлекет арасындағы жасалған келісімдердің жүзеге асырылуы туралы айтқан сөздеріңізге толығымен қосыламын. Қазақстан мен Иран арасындағы байланыстарды ілгерілетуге барлық жағдайлар бар. Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржол желісі тек екі мемлекет арасын байланыстырып қоймайды, бұл теміржол желісі Иранды Ресей нарықтарына да жеткізетіндігімен өте маңызды. Осы бағыт арқылы жүк тасымалдау көлемі артып келеді. Сондай-ақ, осы транспорттық бағытта ортақ тарифтерді бекіту және ортақ ережелерді тағайындау қазір екі мемлекеттің күн тәртібінде тұрған мәселе. Бұл жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді.
Кездесу барысында елші Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толуымен құттықтап, мемлекеттер арасындағы саяси дипломатиялық байланыстар орнағанына биыл 25 жыл толғанын атап өтті. «Қазақстан мен Иран арасындағы байланысты дамытудағы ең өзекті мәселелердің бірі - әуе қатынасы. Осы уақытқа дейін Алматы мен Тегеранның арасына аптасына бір рет рейс жасалса, кейін 5 рейске дейін ұлғайды. Жақында Ақтау мен Горган арасында тікелей әуе қатынасы ашылды. Теңіз транспортын кеңейту мәселесінде де екі ел арасында тұрақты жоспарлар құрылды», - деген елші мырза жергілікті биліктен аймақтың экономикалық мүмкіндіктері туралы толық ақпарат алып, оны ирандық компаниялар мен белсенділерге жеткізетінін, сол арқылы бизнестегілерді осы өңірге тартуға ынталандыруға уәде берді. Сондай-ақ, ол екі жақтың сауда және бизнес белсенділерінің басын қосып бірлескен көрмелер мен форумдар өткізудің маңызы зор екенін айтты.
Арайлым НҰРБАЕВА