Бердібек Сапарбаев: Әрбір шағымға байланысты нақты нәтиже, қорытынды болуы керек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бейсенбі күні облыстық прокуратурада облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде уәкілетті мемлекеттік органдарда азаматтардың өтініштерін қарау, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік пен сот актілерін орындау деңгейін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдау жайы сөз болды. Мәжілісте мектептердегі алым-салық мәселесі де қаралды, деп жазады «Ақтобе» газеті.
Жиында облыс прокурорлары бірнеше мәселені көтерді. Соның ішіндегі ең маңыздысы - қарапайым тұрғындардың уәкілетті мемлекеттік органдарға берген арыз-шағымдарының дер кезінде қаралмауы. Бұл істе мемлекеттік органдар мен прокурорлар арасында кедергілердің де аз туындамайтыны айтылды. Себебі, қарапайым тұрғындардан түскен арыз-шағымдар мемлекеттік органдар тарапынан жауапсыз қалады, олардың мәселесімен ешкім айналысқысы жоқ. Сол себепті, шағымданушы шарасыздықтан прокуратураның табалдырығын аттауға мәжбүр болады. Мемлекеттік органдарда дер кезінде шешілмеген шағымдардың соңы үлкен мәселе тудырып, бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып, көрсетіліп жатады.
Облыстың бас прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің айтуынша, Ақтөбеде 5-6 департамент пен басқарма осындай бұзушылықтарға жол береді. «Мұндай құрылымдарда нақты тапсырмалар еленбейді, сондықтан бірінші басшысына қатысты тәртіптік іс жүргізу керек. Сонда ғана біз бұл жағдайды өзгерте аламыз», - деді облыстың бас прокуроры Нұрғалым Әбдіров.
Бұл мәселеге қатысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев прокурорлар тарапынан айтылған бұл ұсынысты қолдайтынын айтты.
- Көтеріліп отырған мәселелер өте орынды. Арыз-шағым қанша азайғанмен, халықтың әлі де болса шеше алмай жүрген мәселелері бар. Оны шешетін орын - мемлекеттік органдар. Әрбір арыз-шағымға байланысты нақты нәтиже, қорытынды болуы керек. Егер арыз-шағымдар дер кезінде қаралмаса, шешілмесе, халықтың мемлекеттік органдарға деген шыдамы таусылады. Ұжымдық мәселелер - бұл өте маңызды. Мұндай мәселелерді сол ұжымның басшылығымен бірлесе отырып шешу керек. Мен мұндай мәселелердің шешілуін автоматтандыру жөнінде облыс әкімдігі аппаратына тапсырма бергенмін. Сондықтан прокурорлардың айтқан ұсыныстарын біз қолдаймыз, - деді Бердібек Сапарбаев.
Жиында прокурорлар қоғамдық қауіпсіздік және сот актілерін орындау деңгейін арттыру бойынша жүйелі шаралар алуды қарастыратын «Құқықтық тәртіп қоғамына», «Өз қарызыңды төле» сынды жобаларды іске асыруға қатысты ұсыныстарын айтты. Облыстық прокуратураның аппарат басшысы Жасұлан Дәулембаевтың айтуынша, соңғы бес айда аймақта мемлекеттік қызмет көрсету саласына ауыстыру есебінен уәкілетті органдарға өтініштермен (арыз-шағымдармен) жүгіну 86 пайызға қысқарған.
- Азаматтардан түскен өтініштердің негізгі бөлігі еңбек және әлеуметтік мәселелерге қатысты. Олардың үлес салмағы - 20 пайыз. Сол сияқты,
сот ісін жүргізу және сотқа дейінгі тергеп-тексеру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім салаларына қатысты да арыз-шағымдар бар. Өтініштерді қарау саласындағы заңдылықты нығайту бойынша бірлескен шаралар жүргізілді. Осындай жұмыстардың нәтижесі өтініштерді қарау мерзімдерінің бұзылуын 6 есеге дейін азайтуға мүмкіндік берді, - деді өз баяндамасында Ж.Дәулембаев.
Алқалы жиында білім беру, сәулет-құрылыс бақылау басқармаларына қатысты, әсіресе аталған уәкілетті органдарда шешілуі тиіс мәселелердің жайы сөз болды. Бірқатар мысалдар да келтірілді. Ақкемер орта мектебінде оқитын оқушының ата-анасы мектеп шыршасын безендіру үшін ата-аналардан қаражат жиналатынын айтып шағымданған. Бұл іске қатысты облыстық білім басқармасы ешқандай жауап берместен, арызды Мұғалжар аудандық білім бөліміне жолдаған. «Осылайша, қоғамда резонанс тудыратын мәселелер шешілмейді», - деді прокурорлар.
Алқа отырысында мектептердегі алым-салық мәселелері туралы да айтылды. Ж.Дәулембаевтың айтуынша, алым-салық алудың бірден бір себебі - мектептер ағымдағы шығындар үшін қаржы бөлу туралы тапсырысты (өтінімді) рәсімдемейді. Соның салдарынан мектеп қажеттіліктері ата-ана есебінен шешілуге тиіс.
- Шынын айтқанда, ескерту жасай берудің өзі жалықтырады, әсіресе бұл білім басқармасына қатысты болса. Егер мұғалімдер алатын болса, қалғандары не істемейді? Олар біздің болашақ ұрпағымызды тәрбиелейді ғой. Мұғалімдер алса, демек, мектеп директорларының алатын болғаны, директорлар алса, бөлімдер мен басқармалардың қызметкерлері де алады деген сөз. Қадағалаушы орган бола тұра - білім саласын бақылау департаменті үнсіз, - деді бұл мәселеге қатысты аймақ басшысы.
Өз сөзінде Бердібек Машбекұлы Назарбаев зияткерлік мектебі мен Назарбаев университетіне қыздарын орналастыру үшін пара берген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарын жазалау керектігін айтты. «Заң бойынша пара алған да, пара берген де жазаланады. Оның үстіне ол -мемлекеттік қызметкер. «Мен пара бердім» деп бүкіл елдің алдында мақтанады. Егер сенің балаңның басында білім болмаса, әрине, сен пара бересің. Бұл жағдайды тәртіптік комиссияда қарап және оны жазалау керек. Ал әрмен қарай бұл іспен тиісті органдар айналыссын», - деді алқалы жиында Бердібек Сапарбаев.
Жиында прокуратура қызметкерлері өтініштерді қарау саласындағы заңдылықты одан әрі нығайту бойынша нақты шаралар ұсынды. Яғни, өтініштермен жүгіну себептеріне талдау жүргізу процесін автоматтандыру, екіншіден - заңнамаларға түсіндірме беру және азаматтарға қабылдау жүргізу үшін жедел желі байланысы арқылы қоғамдық қабылдаулар құру, үшіншіден - Белоруссия тәжірибесі бойынша ұжымдардың өтініштерін, яғни арыз-шағымдарын тиісті орындарға іссапарға шыға отырып қарау қажеттігі айтылды.
Мәжілісте азаматтардан түскен өтініштердің дер кезінде орындалуы әрі бұл істің тиімділігін арттыру мақсатында прокурорлар тарапынан «Арыз-шағым - жұртшылық пікірі» жобасы іске асырылғаны айтылды. Жоба шегінде әлеуметтік сауалнама жүргізілген. Нәтижесінде бес респонденттің төртеуі мемлекеттік органдарға бір кездерде шағымданғанын айтып көрсетсе, үштен екісі білім және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына наразылықтарын білдірген. Бұл ретте, сауалнамаға қатысушылардың үштен бірі мемлекеттік органдарда өтініштерді қарау тәсілін өзгерту қажет деп есептейді.
Аталған жоба аясында облыс әкімдігі мен облыс прокуратурасы және халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірлескен шарасының нәтижесінде тұрғындардың кез келген мемлекеттік органға әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қатысты облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы жүйесі арқылы шағымдануға болады.
- Қазір Ақтөбе қаласының Тургенев көшесіндегі халыққа қызмет көрсету орталығында қоғамдық қабылдау ашылды. Онда прокуратура жанындағы консультативтік кеңес мүшелері мен прокуратура ардагерлері азаматтарға қабылдау жүргізеді. Қоғамдық қабылдау арнайы кестеге сай өтеді. Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталығында құқықтық статистика органдарының ақпараттық жүйесіне тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында терминал орнатылған. Онда өтініштерді қарауға және сол өтініш бойынша берілген жауапты да көруге болады, - деді прокурорлар.
Алқалы жиын соңында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бюджетке кіріс түсіру үшін салықтардың дер кезінде өтелуі, бұл орайда борышкерлермен жұмысты жүйелі жолға қою мәселелері де сөз болды.