Бердібек Сапарбаев: Берешегі бар тұтынушылар қамауға алынып, пәтері жылудан ажыратылады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Өткен сенбіде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қаладағы салынып жатқан бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен, сондай-ақ жылу қазандықтарының жұмысымен танысты. Бұл туралы «Ақтөбе» газеті жазады.

Бердібек Сапарбаев: Берешегі бар тұтынушылар қамауға алынып, пәтері жылудан ажыратылады

Үш қазандық біріктіріледі

 

Рейд кезінде облыс әкімі барған алғашқы нысан - Ақтөбе қаласының 41-разъезіндегі өткен жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қайта жаңартудан өтіп, пайдалануға берілген жылу қазандығы.

Қазір «Трансэнерго» акционерлік қоғамының иелігінде 23 жылу қазандығы бар. Соның үшеуі 41-разъезде орналасқан. Олар - «Әлжан», «Ясный» және №22 жылу қазандықтары. Мұндағы үш қазандықты біріктіру мақсатында өткен жылы іргелі жұмыс қолға алынды. Соның нәтижесінде мемлекеттік қолдаудың ықпалымен ескі қазандықтың орнына заманауи құрылғылармен жабдықталған жаңа жылу қазандығы ғимараты бой көтерді.

Ендігі алда тұрған міндет - осындағы қалған екі қазандықтың арасындағы жылу құбырларын бір-бірімен жалғау. Бұл жұмыстар келер жылдың еншісіне қалып отыр. Алдағы жылы 41-разъезд бойынша тек бір жылу қазандығы жұмыс істейтін болады. Жаңа қазандық бір маусым жұмыс істеді. Жұмысынан ешқандай ақау табылған жоқ. Биыл екінші маусым іске қосылды. Бұған дейін бұл қазандықтың орнында ескісі болды. Әрине, кеңес заманында салынған нысанның ішкі құрылғыларымен қатар ғимараттың өзі де әбден тозды. Қабырғалары жарылып, құлаудың аз-ақ алдында тұрды. Қазандықтар бірнеше қайтара жөндеуден өтті. Ең ақырында, олар жөндеуге келмейтін жағдайға жетті.  Қазір жаңа нысанның ішінде 3 қазандық орнатылды. Жылу қазандықтары - отандық өнім. Ал жағатын оттықтар - «Ecoflam» итальяндық өнім. Заманауи қондырғылар автоматтандырылған тәсілде жұмыс жасайды. Қазір мұнда бір оператор ғана жұмыс істейді. Ол қазандықтардың жұмысын өз бөлмесінде отырып басқарады.  Жылудың таралуы, қысымын, жеткізілуін компьютер арқылы бақылап отырады. Әрбір қазандықтың жұмыс істеу технологиясы компьютерде көрсетіледі, - деді «Трансэнерго» АҚ бас инженерінің орынбасары Айтбай Дауылбаев.

Ол келер жылы 41-разъездегі үш жылу қазандығының бірігуінің нәтижесінде жұмыс орындары қысқара ма деген сауалымызға: «Жылу қазандықтарының жұмысы - маусымдық. Сондықтан мұндағы операторлар да маусымдық негізде, яғни қыста ғана жұмыс жасайды. Әрине, қазандықтар бір жерден жылу тарататын болса, операторлардың саны азаяды», - деді А.Дауылбаев.

Ақтөбе қаласының 41-разъезіндегі қазандықтан тараған жылу көппәтерлі тұрғын үйлер мен бірқатар әлеуметтік нысандарға жеткізіледі.

Бердібек Машбекұлы қазандық арқылы таратылатын жылудың екі аралықтағы сақталуы, үнемделуі турасында сұрап, жылу мекемесі үшін маусым кезінде жанармай мәселесінен ешқандай проблема жоқтығын білді. «Енді күн суымаса, жылымайды. Соған дайын болу керек», - деді облыс әкімі.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жандос Байырхановтың айтуынша, қазір қаладағы 23 жылу қазандығының бүгінде 20-сы жұмыс істейді, 3-еуі резервте тұр. Оның айтуынша, Ақтөбе қаласын қамтитын 100 пайыз жылудың 93 пайызы «Ақтөбе жылу электр орталығы» арқылы, ал 7 пайызы «Трансэнерго» акционерлік қоғамының жылу қазандықтары арқылы таратылады.

  

Қаланы жылумен қамтуда ешқандай мәселе жоқ...

Рейд кезінде облыс әкімі былтыр «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы қайта жаңартудан өткен тағы бір жылу қазандығы - қаланың Жаманқұлов көшесі, 8 «д» мекен жайында орналасқан «Трансэнерго» мекемесі меншігіндегі қазандықтың жұмысымен танысты.  Бүгінгі күні қала тұрғындарына жылу мен ыстық су таратып тұрған нысанның ішкі қондырғылары заман талабына сәйкес келеді, ғимарат та толықтай жаңартылған. Қазір бұл қазандық қаладағы 13 тұрғын үйге, яғни 648 абоненттің пәтеріне және бір балабақшаға жылу жеткізеді.

Бұл жетістікке біз «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қол жеткіздік. Бұл жердегі ең басты мәселе - жылуэнергиясын үнемдеу. Мұндай жылу қазандықтарының жылуды сақтап, үнемдеуде, оны жоғалтпауда тиімділігі мол. Бір мәселе бар. Бұл - жылу мен ыстық су үшін тұтынушылардың төлемақысы. Жылу мекемесіндегілердің айтуынша, мұнда төлемақы 66 пайызды ғана құрайды. Бұл - өте төмен көрсеткіш. Тұрғындар тұтынған жылу мен ыстық су үшін төлемақы төлеуге тиіс. Бұл қалай болғаны? Жылуды тұтынады, ал ол үшін есеп айырыспайды? Біз сот органдары арқылы борышкерлердің ісімен айналысып жатырмыз, әрмен қарай да айналысатын боламыз. Әкімшілік айыппұл, тағы басқа да жаза қолданылады. Егер бережағын қайтармаған тұтынушылар болса, онда біз оларды қамауға алып, үйін жылудан айыру әрекетіне дейін барамыз. Онсыз болмайды. Бүгінгі күні қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз етуде ешқандай мәселе туындаған жоқ. Біз «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қалада осындай үш жылу қазандығын тұрғыздық. Келер жылы 41-разъездегі ескі екі жылу қазандығын жаңа қазандықпен біріктіріп, көнелерді жоямыз. Жаңа қазандықтарда дизель отыны мен трансформатордың артық қоры бар. Егер жарық өшкен жағдайда мұндағы жұмыс механизмі автоматты түрде қор генераторына қосылады, - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Жылу қазандықтарының жұмысымен танысу кезінде облыс басшысы «Трансэнерго» мекемесінің өкілдеріне халыққа сапалы жылу тарату үшін маусым бойы қадағалау шараларын күшейту қажеттігін тапсырды.

 Ақтөбенің хоккей командасы болады

Қазір Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназия мен №35 орта мектептің аралығында зәулім кешен бой көтеріп жатыр. Бұл - келер жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға берілетін мұз айдыны кешені. Рейд кезінде Бердібек Сапарбаев хоккей модулінің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Бұрын-соңды Ақтөбеде болмаған мұндай нысанның құрылысын «КТП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Мұз айдыны үшін 0,7 гектар жер бөлінген. Нысанды жобалаушы - «Ремстройгрупп» ЖШС. Инвестиция көлемі -  демеушілік қаражат есебінен 420 миллион теңге.

 

Құрылыспен, оған қолданылып жатқан жабдықтар мен нысанның сыртқы көрінісінің қандай болатыны жайында жан-жақты танысып, білгеннен кейін мұз айдынына қандай атау беру қажеттігі туралы сөз қозғалды. Бұл орайда мұз айдынының атауын ойластыру үшін оның мағынасына ерекше мән беру керектігі айтылды. Сөйтіп, жаңа нысанның атауын ойластыру үшін әлеуметтік желі қолданушылары мен мектеп оқушыларын тарту, олардың ойын білу жұмысын ұйымдастыру Ақтөбе қаласы әкімдігіне жүктелді. Бұл орайда облыс әкімі болашақ ақтөбелік хоккей командасының атын да алдын ала ойластыру керектігін айтты.

25 метрлік «қызғалдақ»

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақтөбе қаласында бұрын-соңды болмаған ерекше нысандар салынып, халық игілігіне берілуде. Соның бірі - 12-шағын ауданындағы айналма жолға салынған «Қызғалдақ» стелласы. Металлдан жасалған стелланың биіктігі - 25 метр. Бұл - биыл еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізген 25 мерейлі жылымен сәйкестендіріп жасалған іс.  «Қызғалдақтың» сабағының диаметрі - 1,4 метр. Стелланың іргетасының салмағы - 218,4 тонна, ал барлық конструкция - 17 тонна тартады. Түнгі мезгілде әртүрлі түске еніп, қаланың ажарын айшықтай түскен стелла, әсіресе әуежайдан бет алған қонақтардың қызығушылығын тудыратыны сөзсіз.

 

«Қызғалдақ» конструкциясы ұзақ жасалды. Тұғырына қондырылған металл гүлді құрастырушылар кранмен қайта жерге түсіріп, орнатылған жапырақтардың пішінін өзгерткені көз алдымызда. Содан кейін стелланы түрлі-түске бояп, тұғырына қайта орнатты.

Рейд кезінде облыс әкімі «Қызғалдаққа» барып, пайдаланылған материалды қолымен ұстап көрді.

Алдағы уақытта «Қызғалдақ» стелласы орнатылған аймақтың маңына ерекше көркейту жұмыстары жүргізілмек.

Жаңа жолдар салынады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Батыс-2» шағын ауданда салынып жатқан жол құрылысымен де танысты. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жандос Байырхановтың айтуынша, бүгінгі күні аталған ауданда көлік жолы құрылысын салуда жобалық-сметалық құжат әзірлеуге конкурс жарияланыпты. Бұл жоба аясында тротуарлар мен аялдама павильондарын, көшені жарықтандыру, канализациялық желілер жүргізу де қоса қарастырылған. Рейд кезінде өңір басшысына аталған ауданмен қатар, «Нұр Ақтөбе» сынды өзге де шағын аудандарда салынатын көлік жолдарының құрылысы қоса баяндалды. Содан соң Бердібек Машбекұлы «Батыс-2» шағын ауданында бой түзеп жатқан Оқушылар сарайы құрылысымен танысып, мердігер компанияға құрылысты барынша сапалы етіп жүргізуді тапсырды.