Берік Уәли: Абай тойында өңірге жасалған ең басты сыйлық – «Абайға құрмет» акциясы
СЕМЕЙ. KAZINFORM - Абай облысының әкімі Берік Уәли Абай ауданы Қарауыл ауылына жиналған халықты «Абай күні» мерекесімен құттықтады.

- Бүгін біз Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай өткен 10 күндік мерекенің шарықтау шыңы, соңғы түйіні хакімнің рухы мәңгі тыныс тапқан қасиетті Жидебай жеріне жиналып отырмыз. Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген 10 тамыз – Абай күні құтты болсын!
Қазақ ойын жаңа арнаға салып, дәуірдің бұрылыс кезеңін жасаған дала данышпаны тойы еліміз бен халқымыз үшін айтулы дата, маңызды мерекенің бірі. Себебі, қазақ өркениеті бүгінде Абайға дейін және Абайдан кейін деп сараланады.
Дәуірлерді жіктеген данышпанның тойы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтау сөзінде «Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек» деп арнайы тапсырма берген болатын, - деді Берік Уәли.
Оның айтуынша, Абай мұрасының кемелді салаларының бірі, ұлттық танымның ұстынына айналуы тиіс тұғырлы дүние – толық адам ілімі.
- Бұл адамның рухани кемелденуін үш негізде, атап айтсақ, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек сынды үш айнымас темірқазыққа байлайды. Хакім айтатын «қашық болуға тиісті бес нәрсе, бойға сіңірерлік «бес асыл іс», «атаның емес, адамның баласы болу», «адамзаттың бәрін бауырым деп сүю» осының бәрі де осы ізгі ілімнің тараулы жолы, танымдық негізі.
Абай қазаққа, өзі туған, өзі ержеткен ортаға жаңа сұрақ қойды. Оған дейінгі сұрақтардың дені дидактикалық танымға негізделіп келсе, хакім сұрақты өзгертті: адам деген не, адам не үшін өмір сүреді, билік пен байлықтың мәні қандай, адам болып өмір сүру мен адамзат болып тірлік етудің ерекшелігі қандай деген сұрақтарға жауап іздеді. Заманды жаңа сұрақ өзгертеді. Сұрағы жаңармаған қоғам жаңармайды. Абай қазақ қоғамына ғана емес, адамзатқа ортақ сұрақтарды көп қойды. Өзіне сұрақ қоя алған адам - жаңашыл адам. Оның кез келген қара сөздері мен жырларынан біз өте өзекті сұрақтарға жолығамыз, - деді әкім.
Өз сөзінде ол хакімнің туғанына 180 жыл толуын мерекелеу – Абай рухына тағзым ғана емес, Абайды жаңа қырынан танып, оның мол рухани байлығынан тағылым алатын елдік мейрам, ұлттық толғам болуы тиістігін жеткізді.
- Абай тойы елдің рухани өмірін серпілтіп қана қоймай, әлеуметтік тұрғыдан да өңірге пайдасын тигізіп, жұрт есінде қалар өнегелі шара болуы тиіс. Хакім тойына дайындық барысында осы түйінді басты назарға алғанымыз жөн.
Абай тойының өңірімізге ең басты сыйлығы – Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы. Хакімнің тойында еліміздің әр өңірі жаңадан құрылған облысымызға бір нысаннан салып беретін болды. Қазір кейбір өңірлер құрылысты бастап жатса, жалпы барлық аймақ бүгінде қандай сыйлық жасайтынын жариялап үлгерді. Атап айтсақ, Маңғыстау «Достық үйін», Шымкент шығармашылық орталық, Түркістан көрме орталығын, Астана Жайлы мектеп, Ақтөбе жекпе-жек орталығы, Павлодар облысы Үстел теннис орталығы, Шығыс Қазақстан Ертіс жағажайын жасап беруге ниеттеніп отыр. Өзге өңірлер де хабарласып, ықылас-ниеттерін білдіріп жатыр.
Абай тойы ең алдымен той тойлайтын емес, ой ойлайтын басқосу болмағы лазым екенін барша жұрт айтады. Мерейтой тек сахналық мереке ғана емес, ұлтқа пайдалы мұра қалдыратын нақты жобалар кезеңі де болуы тиіс. Бұл тойдың бедерінде елге игілікті біраз шаруа атқарылды. Той тарап, әбігер басылған соң да ел игілігіне қызмет ете беретін дүниелер жасауды мұрат еттік, - деді Берік Уәли.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында «Абай күні» мерекесі басталғаны хабарланған.