Берлин дәрігерлері Эбола жұқтырған америкалықты емдеп шығарды
АСТАНА. KAZINFORM – Германияның Берлин қаласындағы «Шарите» клиникасының дәрігерлері Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусын жұқтырған америкалық дәрігерді емдеп шықты, деп хабарлайды Deutsche Welle.
Клиника мәліметінше, 17 күн бойы ем қабылдаған науқас дерттен толық айыққан. Онымен бірге карантинде болған отбасы мүшелері де ауру жұқтырмағандықтан үйлеріне жіберілді.
39 жастағы хирург Питер Стаффорд Конгода Serge христиандық миссионерлік ұйымы құрамында жұмыс істеген. Ол операция жасау кезінде Эбола вирусын жұқтырған.
Дәрігерлер науқасты емдеу барысында қазір сынақтан өтіп жатқан эксперименттік терапия әдістерін қолданған. «Шарите» клиникасының хабарлауынша, 20 мамырда ауруханаға түскен кезде науқаста Эболаның айқын белгілері байқалған. Алайда вирусқа қарсы емдеу мен қолдаушы терапияның арқасында ағзадағы вирус жүктемесі айтарлықтай төмендеген.
30 мамырдан бастап дәрігердің ағзасынан вирус анықталмаған.
Науқастың жұбайы да дәрігер, сондай-ақ олардың балалары жұқтыру қаупі жоғары адамдар ретінде карантинде болған. Алайда тексеру нәтижелері олардың вирус жұқтырмағанын көрсетіп, шектеулер алынып тасталды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, мамыр айының соңында Конго Демократиялық Республикасы мен көршілес Угандада Эбола жұқтырудың 900-ден астам жағдайы тіркеліп, 84 адам қайтыс болған.
ДДҰ 17 мамырда Бундибугио штамының таралуын халықаралық деңгейдегі денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп бағалаған. Халықаралық ұйым Эбола індетімен күресу үшін 518 млн долларлық бағдарламаны іске қосты.