Берлин турнирі: Елена Рыбакина ширек финалда әлемнің 1-ракеткасымен кездеседі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина Берлин (Германия) WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 74-орында тұрған чехиялық Катержина Синяковамен ойнады. Чехиялық спортшының жұптық сында WTA рейтингісінде көш бастап келе жатқаны белгілі.
Қарсыластар осыған дейін жеті рет кездесіп, соның төртеуінде Рыбакина жеңген.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:2 болған мезетте Синякова брейк жасап, алға кетті — 4:2. Дегенмен бұдан кейін қазақстандық теннисші қатарынан төрт геймді өз есебіне жазды — 6:4.
Екінші сетте тай-брейкте Рыбакина дегеніне жетті — 7:6 (7:5).
Бір сағат 43 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 5 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Синякова 1 эйс, 2 брейкпен (5 брейк-ройнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина ширек финалда әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездеседі. Ол екінші айналымда рейтингіде 62-сатыдағы швейцариялық Ребека Масаровадан басым түсті — 6:2, 7:6 (8:6).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Ноттингем турнирінің ширек финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.