Берлин турнирі: Рыбакина туған күнінде америкалық теннисшіден есе қайырды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина Берлин (Германия) WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты.

Бүгін 26 жасқа толған қазақстандық теннисші бірінші айналымда әлемнің 4-ракеткасы, қытайлық Чжэн Циньвэньмен кездесуі керек еді. Алайда қытайлық спортшы жарысқа қатысудан бас тартты да, оның орнына әлемнің 33-ракеткасы, америкалық, 21 жастағы Эшлин Крюгер шақырылды.
Биыл Майами (АҚШ) WTA 1000 турнирінің екінші айналымында Крюгер Рыбакинаны 6:4, 2:6, 6:4 есебімен жеңіп кеткен еді. Бұл жолы Елена екі брейкпен матчты сәтті бастады – 4:0. Қарсыласы қайыра брейк жасағанымен, Рыбакина сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.
Екінші партияда Рыбакина 3:1 есебімен алға кеткенімен, Крюгер таразы басын теңестіре білді – 3:3. Ақыры тай-брейкте қазақстандық теннисші матчты жеңіспен түйіндеді – 7:6 (7:3).
Бір сағат 36 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 5 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Крюгер 2 эйс, 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Е.Рыбакина Э.Крюгерден қарымта қайырды.
- Өз туған күніме өзім сый жасай алдым. Тартысты өрбіген екінші сетте қарсыласым қайыра брейк жасай білді. Соған қарамастан, ойын менің пайдама шешілді, - деді Е.Рыбакина матчтан соң сұхбатында.
Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 74-ракеткасы, чехиялық Катержина Синяковамен таласады. Жүлде қоры 925 661 еуроға бағаланған Берлин додасы 22 маусымда аяқталады.
Өткен жылы финалда ресейлік Анна Калинскаядан басым түскен америкалық Джессика Пегула чемпион атанған еді. Е.Рыбакина 2024 жылы ширек финалдан аса алмаған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Польшадағы жарыстың екінші айналымына өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Зарина Дияс Испаниядағы жарысты жеңіспен бастады.