Бес жыл бұрынғы белес: ЕҚЫҰ Астана Саммитіндегі көтерілген мәселелер барған сайын өзекті бола түсуде (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Тәуелсіздік тарихынан бергі кезеңін зерделесек, еліміздің әлем алдындағы беделін арттыратын зор оқиғалар еңсеріліпті.
Әлбетте, бұған ең алдымен адамзат тарихында тұңғыш рет өз еркімен жаппай-қырып жою қаруынан бас тартқан Қазақстанның бейбітсүйгіш бастамасын айтсақ та жеткілікті болар. Әйтсе де, еліміздің еңселі ел екенін, төрткүл дүниенің тізгінін ұстай алатын алқалы жиындар ұйымдастырып, жаһандық бастамаларды арқалай алатын әлеуетін әлемге әйгілеген бір маңызсы саяси оқиға бар, бұл - осыдан бес жыл бұрын өткен Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық ұйымының Астана Саммиті болатын. Иә! Осыдан дәл бес жыл бұрын Астанада жаһан көшбасшыларының басын қосқан алқалы ЕҚЫҰ мерейтойлық Саммиті өткен еді. Елбасы айтпақшы, бұл Тәуелсіздік жылнамасына алтын әріппен жазылатын мың жылда бір өтетін айтулы оқиға болды.
Шындығында, дәл осындай деңгейде әлем елдерінің көшбасшыларын, жер жаһанның беделді сарапшылары мен сақа саясаткерлерін Еуразия кіндігінде, Ұлы даланың төрінде жинап, алқақотан әңгіме өрбіткен Саммит Қазақстан тарихында бұрынсоңды болған емес-ті. Елорда рухының әлемді шарлаған осы жаһандық басқосуынан кейін ЕҚЫҰ-ның VІІ саммиті «Астана саммиті» деп айдарланды. Сонау 2010 жылы Қазақстанның Астанасында өткен бұл саммит алпауыт Ұйым тарихының маңызды жетістігі ретінде айтылып келе жатқаны да сондықтан. Сондықтан да, осыдан бес жыл бұрынғы Астана Саммитіне арнайы тоқталып, бұл жиынның әлем һәм Қазақстан үшін қандай маңызға ие болғанын тағы бір мәрте көз жүгірте кенкетді жөн санаған едік.
1992 жылдың қаңтарында ЕҚЫҰ қатары КСРО тарауына байланысты құрылған бірқатар жас әрі тәуелсіз мемлекеттермен толыққаны белгілі. Әлемдік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты дамыту үшін құрылған осынау ұйымның атауы «Еуропа» болғанымен, затында оның мүшелігіндегі 57 мемлекеттің арасында Солтүстік Американың да, Орталық Азияның да елдері қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аумақты алып жатқан ұйым өзінің бастау тарихын 1975 жылдың 1 тамызындағы Хельсинкиде қабылданған Қорытынды актіден алады.
ЕҚЫҰ қауіпсіздікті сақтаумен қатар өзіне мүше елдерден демократиялық институттар мен адам құқының бұзылмауына, бқөаралық ақпарат құралдары жұмысының еркіндігіне, ұлттық азшылықтағы елдер құқының сақталуына да барынша мән береді. Яғни, алпауыт ұйым қауіпсіздікпен бір деңгейде демократиялық құндылықтардың сақталуын қадағалайды.
ЕҚЫҰ мүшелігіне өткен Қазақстан не тындырды? Әлбетте, кеңесіп, келісіп отырып атқарылатын іс болғандықтан елуден астам ел мүше болып табылатын Ұйымда қандай да бір бастамамен бедел жинау оңай шаруа емес. Дегенмен, жас болса да бас болуға ұмтылған Қазақстан 2000 жылдардың басында Ұйым жұмысына белсенді араласа бастады десе де болады. Бастапқыда еліміз ЕҚЫҰ-ның бірқатар қызметіндегі олқылықтарға қатысты «Аймақтардағы ЕҚЫҰ жұмысын реформалау мәселесі» атты конфиденциалдық меморандумды алға тартты. Меморандумда ЕҚЫҰ құқық қорғау ісіне мейлінше көңіл бөліп, керісінше өзінің негізгі миссиясы - қауіпсіздікті сақтаудан ауытқып бара жатқандығы сыналған болатын. Осындай бастама аясында Қазақстан қауіпсіздік жолындағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету ісіне үлес қосу үшін 2009 жылғы төрағалыққа өзінің кандидатурасын ұсынатынын жариялады. Ал бұл үшін ең алдымен 2005 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға болып сайлану мүмкіндігі туралы принципті келісімге қол жеткізді. Сөйтіп, нақты төрағалыққа сайлану мәселесі 2007 жылдың 30 қарашасында Мадридте өтетін Сыртқы істер министрлерінің 15-ші кеңесінде шешілді. Онда да 2009 жылға төрағалық ету Грекияға бұйырды. Дегенмен, Қазақстанның да бағы жанды, Испаниядағы басқосуда 2009 жылғы ғана емес, 2010 және 2011 жылғы - үш жылғы төрағалар сайланып, соның ішінде ЕҚЫҰ-ға 2010 жылға төрағалық Қазақстанға, 2011 жылға Литваға бұйырған болатын.
Міне, сол кезден бастап Қазақстанның жұлдызды сәті туды десе де болғандай еді. Елбасыдан бастап, ел басшылығындағы азаматтар бұл іске бел шеші кірісіп, ақыр нәтижесінде төрағалықтың жұмысын жеміспен атқарды.
Ең алдымен төрағалыққа ресми кіріскен сәтте, нақтырақ айтқанда 2010 жылдың 14 қаңтарында Вена қаласында Елбасы Н. Назарбаев ЕҚЫҰ төрағалық етуші мемлекеттің басшысы ретінде Ұйым Саммитін Астанада өткізу туралы ұсынысын жариялады. Айта кетерлігі, 2-3 жылда бір рет өткізіліп тұруға тиісті мұндай саммиті 10 жылдан бері өткізілмей келе жатқан болатын. Бастапқыда бұндай саммит туралы ұсынысқа үрке әрі сенімсіздікпен қарағандар болғанымен, кейіннен бұл шешім 2010 жылғы 17 шілдеде ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде қабылданды. Осылайша, Қазақстанның Елордасында ЕҚЫҰ саммиті 1-2 желтоқсанға белгіленіп, жас Астана бұған қызу дайындыққа кіріскен болатын.
70-тен астам мемлекет пен үкімет басшылары, халықаралық беделді ұйымдар басшылары мен әйгілі саясаткерлерден тұратын мәртебелі делегацияны Астана құшағын жая қарсы алды. Саммитті Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашып, өзі жүргізіп отырды. Екі күнге жалғасқан басқосу ешқандай төтенше оқиғасыз, белгіленген бағдарлама аясында өтті. Саммиттің екінші күні, Астана декларациясы қабылданған тарихи күн ретінде есте қалды. Есте қалып қана қойған жоқ ЕҚЫҰ тарихының маңызды оқиғаларының бірі ретінде қатталды.
Тұтастай алғанда, Қазақстан төрағалық еткен жыл барысында ЕҚЫҰ Саммитінің Астана декларациясы, Сыртқы істер министрлер Кеңесі деңгейінде 5 шешімі және Ұйымның Тұрақты кеңесінің 53 шешімі қабылданды. Саммит өткен соң еліміздің сала басшыларының қатысуымен өткізген қорытынды кеңесте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарға өз құттықтауын жолдады. Елбасы ЕҚЫҰ Астана Саммитін мыңжылдықтың алғашқы Саммиті ғана емес, мың жылда бір рет болатын оқиға екенін баса айтты. «Мен беделді ұйым Астана Саммитінің жемісті өтуімен баршаңызды құттықтаймын! Біз бірін-бірі жылдар бойы көрмей келген ел басшыларының басын қосып, мәмілеге келтірдік. Еуропа мен Азия ұғымын біріктіріп, қауіпсіздіктің кеңістігін кеңейттік. Ұзаққа созылған ортақ келісімнен кейін, тарихи Астана Декларациясын қабылдап, Ұйымды жаңа белеске көтердік!», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Иә! Осыдан бес жыл бұрын әлемнің беделді ұйымына төрағалық ету Қазақстан секілді жас, тәуелсіз мемлекеттің әлемге таныла түсуіне, халықаралық қоғамдастықтың салмақты да ықпалды мүшесіне айналуына мүмкіндік туғызды. Тіпті, бұл тұста ЕҚЫҰ мүше мемлекеттің бірі әрі байырғы кезден бергі бауырлас көршіміз Қырғызстанда аумалы төкпелі заман орнап, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Бішкектегі 2010 жылғы сәуір төңкерісіне батыл араласты. Қырғызстандағы азаматтық соғысқа ұласа жаздаған кикілжіңнің отын лаулатпай сөндіріп, Орталық Азияда ғана емес, еуразия кеңістігіндегі беделін бекемдей түсті.
Бұдан бөлек, шиеленістерді реттеуді ары қарай дамыту аясында ЕҚЫҰ тізгінін алған Төраға - Қазақстан Приднестровье проблемасы бойынша «5+2» форматымен бес раундтық бейресми кездесулер (оның ішінде біреуі Астанада), Женева дискуссияларының алты жиналысы (2008 жылдың тамызындағы жанжалға байланысты), Таулы Қарабақ аймағындағы жанжалды реттеуге бағытталған бірнеше іс-шаралар мен іс-сапарлар өткізді. Қазақстанның төрағалығы көршілес Қырғызстандағы жағдайды ретке келтіруде маңызды рөл атқарды. Шамамен 20,3 миллион АҚШ долларымен бағаланатын екіжақты негіздегі көмекке қоса, Қазақстан ЕҚЫҰ тарапын Ұйымның бүкіл дипломатиялық потенциалын осы елдегі тұрақтылыққа жұмылдырды. Нәтижесін де әлем елдері байқады. Қырғызстан бұлікшілікке салынып кеткен жоқ, керісінше жаңа Конституция қабылдап, жаңа құқықтық алаңда өмір сүруге көшті.
Жалпы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға қызметінде қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын аймақтық және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын нығайта түсті. Бұдан басқа, ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығы Арал мәселесіне белсенді көңіл бөлуі БҰҰ мен Еуроодақпен 2010 жылдың желтоқсанында Алматыда бірігіп өткізген донорлық конференцияның сәтті өтуіне де себебші болды.
Тұтастай алғанда, осыдан бес жыл бұрынғы Астана Саммитінде Қазақстан тарапынан көтерілген мәселелер әлі де өзекті күйін сақтап келеді. Өйткені, қазіргі таңда әлем алдында түрлі қатерлер шығып, аймақтық қақтығыстар, экономикалық дағдарыс, табиғи және техногендік апаттар, ядролық қаруды таратпау таратпау секілді мәселелер күн тәртібінен еш түскен емес. Бұл ретте әлемдік беделді ұйым ретінде ЕҚЫҰ-ға үлкен үміт артылатыны шындық. Басқасын былай қойғанның өзінде Украинадағы қақтығыстардың өзі еуропалық қана емес әлемдік қауіпсіздік жүйесінің мығымдылығына сызат түскенін айғақтайды.
Қалай айтсақ та, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, Астанада Ұйымның саммитін өткізгені мемлекет тарихындағы маңызды оқиға болды. Өйткені, Астана Саммиті әлем елдері арасындағы сенімді қалыптастыру жолдарын зерттеп-зерделеуді көтерген еді. Әлемдік тәртіп пен бейбітшілік үшін сенімділіктің маңызды рөл атқаратынын сол саммит өткеннен бергі бес жыл ішіндегі жаһандық оқиғалар көрсетіп берді емес пе?!