Бестеректегі жол апаты: министр зардап шеккен балалардың жай-күйін білу үшін ауруханаға барды
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова Үржарда болған қайғылы оқиғадан зардап шеккен балалардың жай-күйін білу үшін ауруханаға келді. Бұл туралы Астанадағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова және Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Шайзадақызы Рүстемова Үржарда болған қайғылы оқиғадан зардап шеккен балалардың жай-күйін білу үшін Астанадағы №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына барды.
Сапар барысында аралау жүргізіліп, балалардың анасымен әңгімелесті. Барлық қажетті медициналық көмектің толық көлемде көрсетіліп жатқаны айтылып, қолдау білдірілді.
Дәрігерлер балалардың өмірін құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.
Айта кетелік Абай облысындағы жол апатынан кейін Президент тапсырмасымен әскери ұшақ аттанған еді. Бүгін зардап шеккен балалардың жағдайы туралы жазған едік. Белгілі болғандай, зардап шеккендер екі отбасының балалары. Кеше Абай облысының Үржар ауданынан жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен екі баланы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының санитариялық авиация борты Астана қаласына алып келген еді.