Бестеректегі жол апаты: Зардап шеккен екі бала ауруханадан шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысының Үржар ауданында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен екі баланың өміріне ешқандай қауіп жоқ, деп хабарлайды Астана қаласының № 2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының баспасөз қызметі.

Аурухана директоры Гүлнар Кулушеваның сөзінше, жол апатынан зардап шеккен екі бала ауыр халде санитарлық авиация арқылы елордалық ауруханаға жеткізілді.
— Астана қаласының № 2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының дәрігерлер тобы күрделі операциялар жасап, толыққанды ем жүргізді. Дәрігерлердің кәсібилігінің арқасында балалардың өмірін аман алып қалу мүмкін болды, — деді ол.
Гүлнар Кулушева атап өткендей, бүгін балалар үйлеріне шығарылды.
— Ата-аналары балаларының қайтадан күлімдеп жүргенін көргенде, дәрігерлерге шын жүректен алғыстарын білдірді. Ең бастысы — олардың өміріне ешқандай қауіп жоқ. Алдағы уақытта оңалтулары жеңіл өтіп, тек денсаулық пен бақытты балалық шақ тілейміз, — деп жылы лебізін білдірді аурухана басшысы.
Еске салсақ, 19 тамызда Абай облысы Үржар ауданында 55 жастағы Toyota көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында, жолдан 10 метр қашықтықта тұрған кәмелетке толмаған балаларды қағып кеткен.
Полицияның хабарлауынша, жол апаты салдарынан екі бала оқиға орнында көз жұмған, тағы біреуі ауруханаға барар жолда қайтыс болған. Үш жасөспірім түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді.
Абай облысында болған жол-көлік оқиғасына байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін әскери ұшақ жіберілді.
Кейіннен зардап шеккен екі баланы Астанаға алып келетіні белгілі болды. Оған Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының санитариялық авиация борты тартылды.
Бұған дейін жол апатынан зардап шеккен балалардың қазіргі жағдайы туралы хабарлаған едік.
Ал үш баланы қағып өлтірген жүргізуші екі айға қамауға алынды.
Қазір эпилепсиямен есепте тұрған күдіктіге қалайша жүргізу куәлігі берілгені тексеріліп жатыр.