Бет-жүзді тұмшалауға тыйым: ІІМ діни киімдердің қай түріне тыйым салынғанын түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі бет-жүзді тұмшалайтын киімдерді киюге тыйым салу туралы жаңа ережелерді түсіндірді. Заңнамалық түзетулер 12 шілдеде күшіне енді.

р
Фото: pixabay

Енді қоғамдық орындарда адамды бейнекамера арқылы тану мүмкін болмаса, бұл ережебұзушылық болып саналады.

Дегенмен, бұл шектеудің бірқатар ерекшелігі бар. Атап айтқанда, заң талаптарын орындау үшін, медициналық мақсатта, төтенше жағдайлар кезінде, ауа райы қолайсыз болғанда немесе спорттық және мәдени шараларға қатысқан кезде бет-жүзді жабатын киім киюге рұқсат етіледі. Хиджаб секілді бетті жаппайтын діни киімдерге де бұл тыйым жүрмейді.

— Тыйым тек бетін толық жауып тұратын және жеке басын тануға кедергі келтіретін киімдерге, соның ішінде балаклаваларға, бетперде мен никабтарға ғана қатысты. Бұл ретте хиджаб, шейла, химар, әл-әмира және басқа да діни киімдердің бетті жаппайтын элементтері осы норманың қолданысына жатпайды, — деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Е. Қиықов.

Елжас Қиықов заңнамалық түзетулердің мақсаты — азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, соның ішінде діни сенім бостандығына нұқсан келтірмей, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті, тұлғаларды сәйкестендіру екенін атап өтті.

Мұндай шектеу Орталық Азияда бұрыннан бар. 2023 жылы Өзбекстанда аталған шектеумен мазмұндас талап заң аясында қабылданды. Өткен жылы Тәжікстанда ұлттық мәдениетке жат деп танылған киімдерді кию мен сатуға заң жүзінде шектеу қойылды. Ал биыл Қырғызстан адамның бет-әлпетін анықтауға мүмкіндік бермейтін киім киюге тыйым салған болатын.

Министрліктің хабарлауынша, жыл басынан бері бейнебақылау көмегімен 7 мыңнан астам қылмыстық құқықбұзушылық, 400 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.

Бұған дейін бетті толық жабуға қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да мәлімдеме жасаған еді. 

Соңғы жаңалықтар