Бет-жүзін тұмшалап жүретін адамдардың есебін жүргізбейміз — министрлік

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы биыл Ұлттық құрылтай отырысында ұлттық киімді жан-жақты дәріптеу туралы айта келе, бет-жүзді тұмшалайтын қара киімге қатысты ойын ортаға салған болатын. Осы орайда Kazinform Мәдениет және ақпарат министрлігіне сауал жолдады. 

Бет жүзін тұмшалау
Фото: pixabay

Бет-жүзін тұмшалап, қара жамылып жүретін азаматтардың есебі туралы сұрадық. Сондай-ақ «Мұндай киімге шектеу қойылуы мүмкін бе?» — деген сауал қойдық.  

— Министрлік бет-жүзін тұмшалап қара киім киетін адамдардың тізімінің есебін жүргізбейтініне назар аударамыз. Сондай-ақ, ашық ақпарат көздерінен Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының бет-әлпетті толығымен жауып тұратын діни киімдерге тыйым салуға қатысты пікір білдіргені белгілі. Бұдан басқа, тиісті заңнаманы жетілдіру барысында сіздің тарапыңыздан қойылған сұрақтар ескерілетінін атап өтеміз, — деген министрліктен ресми сауалға жауап алдық.

Еске сала кетсек, елімізде соңғы жылдары хиджаб мәселесі жиі талқыланып жүр. Сенат пен Мәжіліс депутаттары да елімізде деструктивті діни ағымдар қарқынды жұмыс жүргізіп жатқанын айтып, дабыл қақты. Осы мәселені Kazinform тілшісі зерделеп көрген еді. 

Айта кетсек, биыл Бурабайда өткен ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болмысымыздың маңызды көрінісі ұлттық киімді жан-жақты дәріптеу керектігін айтқан еді.

— Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық, — деді Президент.

Еске сала кетейік, Швейцарияда паранжа мен никаб киюге тыйым салынды.

Соңғы жаңалықтар