«Беташар» беті ауған жаққа кетті - этнограф

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Беташар - жаңа түскен жас келінге босаға аттап келген елімен, жерімен таныстыру мақсатында айтылатын жыр еді. Бүгін сөзінен өсиет, әуенінен қасиет кетті. Белгілі этнограф Бұлбұл Кәпқызы осындай пікір білдірді.

беташар
Фото: ehistory.kz

Бұрындары келін түсірген шаңырақ беташарды жеке той қылып өткізіп, халықтан бата алып жататын еді. Аузы дуалы жыршы не ақын жас келінге жырмен өсиет айтып, жаңа жұртын таныстыратын. Қазір даусы бардың емес, аузы бардың бәрі бет аша беретін болған. Ақсақал тұр, бала бар демейтін кей асаба сөзі мен әуенін бұрмалап, әжуаға айналдырып жүр. Жас келінге көрімдік сұрап, 5 мың берсе, 10 мың деп сәлемді саудаға салады. Этнограф Бұлбұл Кәпқызы мұны салтты сыйламау дейді.

этнограф Бұлбұл Кәпқызы
Фото: этнограф Бұлбұл Кәпқызының жеке мұрағатынан

 

- Беташар деген жаңа түскен келінді келген ортасына таныстыру, екінші жағынан келінге сол ортаны таныстыру. Ерте кезде келін сәлемді ең жақындарына ғана салған. Сәлем беру - сол елге құрметі. Атасына енесіне, қайын аға, қайын бикесіне тағысын тағы. Олар келіннің көрімдігіне сый берген. Ол міндетті түрде ұрғашы мал болған. Екі жастың дәулетінің басы деп қазақ оны «Көгентүп» атаған. Жырда өмір-салтқа байланысты өсиет көп айтылатын. Ол келінді сол ортаға бейімдеу еді. Қазір осылар ұмыт бола бастады.

Бүгінгі асабалар ақша жинау үшін тойға келген қонақтарды сараламай ол келіннің туысы ма, руласы ма қарамайды. Қалталы адам болса болды келінге сәлем салдыра береді. Бұл - дұрыс емес.

Одан кейін осы күні келінді той ұйымдастырушы орталықтың жап- жас қыздары алып шығады. Өздері келін атанбаған өрімдей қыздардың келіннің екі жағында тұруы - ол да қате. Орамалын тағып жеңгелер тұруы керек. Мен мұнымен келіспеймін. Біздің мақсатымыз тәрбиесі мол салт- дәстүрімізді, қазынамызды сайқымазаққа айналдырмауымыз керек. Саналы ұрпаққа сапалы, тағылымды дүние қалдыруымыз қажет. ЮНЕСКО-ның тізіміне алынғанына қуаныштымын. Бірақ ата- бабаның салған жолымен беташар қалыбын бұзбай жалғасын тапса игі еді, - дейді этнограф Бұлбұл Кәпқызы.

беташар
Фото: MAKSAT_SHAGYRBAY

 

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Заманға икемдеп сөзін құбылтып, әр түрлі әуенге салып бет ашу қазір қалыпты жағдай. Дәстүрлі әншілер бұл үрдіс былай жалғаса берсе, беташардың өзіне тән бай құндылығын жоғалтып аламыз дегенді айтады.

Төлеутай Серіков
Фото: Төлеутай Серіковтің жеке мұрағатынан

 

- Беташарға тойдың болуы тиіс бір бөлігі ретінде ғана қарау қате түсінік. Оның тәрбиелік мәні тереңде. Келін ұлттың анасына айналуы үшін оған алғаш түскен күнінен бастап оған ақыл- кеңес осы беташар арқылы айтылады.

Беташар ұлтымыздың төл өнері болғаннан кейін қазақша нақышта айтылуы керек. Кей жастар шетелдің әуендеріне, қазіргі жеңіл әндердің әуеніне салып айтады. Бұл - беташардың қадірін кетіретін іс- әрекет. Бет ашатын осы күнгі жыршылар әзіл мен әжуаны ажырата алмайды. Өлеңге қосып күлдірем деп бүлдіріп алып жатады. Жаңа түскен келіннің алдында ауылға абыройы бар ақсақалдарды жерге «тығып жатқанын» талай көрдік. Мұның бәрі қазақтың салтын қорлау сияқты көрінеді маған, - дейді дәстүрлі әнші, асаба Төлеутай Серіков.

беташар
Фото: astanatv

 

Әлем халықтары қызығушылық танытып отырған құндылығымыздың қалыбын бұзбай кейінгіге жеткізе алсақ игі еді. Еске салайық осыған дейін беташардың ЮНЕСКО тізіміне енгенін жазғанбыз

Соңғы жаңалықтар