Бейбарыс пен Беркенің одағы қазіргі Қазақстанның негізін қалады – Жақсылық Сәбитов
АСТАНА. KAZINFORM – Жошы ұлысының қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы орны туралы сөз болғанда, әдетте Жошыдан кейін Керей мен Жәнібектен тараған хан-сұлтандардың саясаты туралы көп айтамыз. Ал Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры Жақсылық Сәбитов сақ пен ғұннан жалғасқан тамыры терең тарихымызда Алтын Орда билеушісі Беркенің тұлғасы лайықты бағаланбай жүргенін айтады. Астанада өткен «Қазақ мемлекеттілігінің бастауы – Жошы ханнан қазіргі заманға дейін» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ғалым осы пайымын нақты деректермен түсіндірген болатын. Ғалымның әскерилер алдында оқыған баяндамасын ықшамдап ұсынып отырмыз.
Жошы ұлысының көші
Менің бүгін оқитын баяндамам Алты Орданың 1259-65 жылдағы ахуалына арналады. Бұл негізінен Берке ханның саяси күреске шындап кіріскен кезімен сәйкес келеді. Берке Алтын Орданың ұлы билеушілерінің бірі еді. Алтын Орданың сақталуына, Жошы ұлысының тарихта әрі қарай жасауына ықпал еткен адам болды. Бұл жерде Жошы ұлысының бірнеше маңызды кезеңді бастан өткергенін ескеру керек. Бірінші кезең 1206 жылдан басталады. Бұл кезде қазіргі Моңғолияның аумағында Жошы ұлысы құрылды. 1224 жылы Моңғолиядан қазіргі Қазақстан аумағына көшті. Басқаша айтсақ, Жошы хан Дешті-қыпшақ билеушісіне айналды. Осы датаны біз Жошы ұлысының 800 жылдығы ретінде тойлап жүрміз.
Бұл өте үлкен хандық болғандықтан, Шыңғыс хан ордасындағы билеушілер оны бірнеше ұлысқа бөліп билегісі келді, яғни «бөліп ал да, билей бер» тәсілін қолданғысы келді. Жошы өмірден өткенде орнына Бату мен Орда Еженді тең билеуші етіп тағайындады. Жошы ұлысын орталықтан басқаруға осындай тәсіл қолайлы еді. Бату батысқа жасаған жорығынан кейін Дешті-қыпшақтағы билікті тұтас қолына алды. Онымен қоса, Шыңғыс хан империясының тең билеушілерінің біріне айналды. 1255 жылы Бату қайтыс болады да, Жамал әл Қарши жазғандай, Жошы ұлысының бүкіл билігі орталық орданың қолына көшеді. Бұрын Жошы ұлысы дербес саяси субъект ретінде өзінің ресми мүддесін қорғай алса, Батудың қазасынан кейін жағдай өзгерді. Орталық Жошы ұлысына билеуші етіп Батудың ұлы Сартақты тағайындайды. Бірақ орда астанасына кетіп бара жатқан жолда у беріп өлтіріледі. Көп зерттеушілер «орталық орда у бергізген» деп жазады. Оның орнына кәмелетке толмаған ұлы Ұлақшыны қояды. Бірақ ол Бату ханның әйелі Буракчиннің тәлімгерлігінде болды.
Құбылайдың қулығы
Билік кәмелетке толмаған, әйел басшының тәлімгерлігіндегі бала ханға өткен сәттен бастап Жошы ұлысында саяси дағдарыс басталады. 1259 жылы шешу оқиғалар болады – бірден екі билеуші қайтыс болады. Біріншісі – Моңғол империясының билеушісі Мөңке, екіншісі – Жошы ұлысының билеушісі Ұлақшы.
Осылайша Жошы ұлысы бассыз қалады. Бұрын ұлыстың билеушісін орталық орда ханы тағайындайтын болса, енді ол хан да жоқ. Ұлыстың ішінде құрылтай өткізуге Буракчиннің ықпалы жетпейді. Ол Жошы ұлысының элитасын бірлікке ұйыстыра алмай қояды. Осы кезде саясат сахнасына Берке шығады. Беркенің бойында үш бірдей хан тегінің қаны бар еді. Ол – Жошының Хан-сұлтаннан туған ұлы. Ал Хан-сұлтан Мұхамед Хорезмшахтың қызы болатын. Сонда Беркенің бойында оғыз бен қыпшақ билеушілерінің қаны болған.
Берке бала кезінен мұсылман деп есептелген. Бұл туралы шешесі өз ағасы Жалаладдинге жолдаған хатында жазады. Әрине, бұл қырын саяси мақсатқа өте тиімді пайдалана білді.
1259 жылы Берке Сығанақта сүргінде жүрген жерінен Сарайға келеді. 1255 жылдан бастап саяси күрес шиеленісіп тұрған еді. Бұл кезде Моңғол империясында бес ұлыс пайда болады. Оның ішіндегі Жошы ұлысында билеуші кім екені түсініксіз еді. Берке ықпалды көшбасшы болғанымен формалды түрде билеу ретінде мойындалмаған болатын. Өйткені, біріншіден оны ешкім тағайындаған жоқ. Оның үстіне, Батудың баласы емес, бауыры болатын. Ал Арықбұға (Моңғол мемлекеті) мен Құбылай (Қытай мемлекеті) орталық билік үшін таласып жатты. Берке Шыңғыстың үлкен ұлының баласы ретінде «хан ағасы» атағынан үміткер болды. Осы арқылы Моңғол империясын енді кім басқаратынын шешуге ықпал ететін беделге ие болуына мүмкіндік бар еді. Бірақ Құбылай саяси ойынды ушықтырып, салдарынан Жошы ұлысының өз ішінде дағдарыс күшейеді. Құбылай қалған 4 ұлысты түгел Жошы ұлысына қарсы айдап салады. Бұл ойынға Арықбұғадан басқаның бәрі қатысады деуге болады. Тіпті Құбылай Жошы ұлысының батыс бөлігін Құлағу (Елхан ұлысы), шығыс бөлігін Хайду (Шағатай ұлысы) бөліп алады деген келісім бекітеді. Осылайша Иран мен Орта Азия әскері бір жасаққа бірігуі керек болған. Оның сыртында Құбылайдың тыңшылары орыс князьдерін арандатып, Беркеге қарсы көтереді. Жошы ұлысындағы элитаның жартысы Құлағу жағына өтіп кетеді. Ұлақшының тәлімгері Буракчин Құлағуға қолдау білдіріп хат жазады. Сонда Берке екі бірдей армияның қоршауында, тылдағы көтеріліс пен ордадағы сатқындықтың ортасында қалады.
Бейбарыс-Берке одағы
Берке қол жинай бастаған кезде шешуші оқиға болады. Арықбұға соғыс бастайды да негізгі армия орталыққа бағыт алады. Мына жақта Берке Буракчиннің хатын қолға түсіреді. Осылайша оны мемлекеттік сатқындық айыбымен өлім жазасына кеседі. Киізге орап Еділ арқылы Каспийге ағызып жібереді.
Осындай ұрымтал кезеңді пайдаланып жасы 12-ден асқан ер баланың бәрін әскерге шақырады. Осылай ауыр күйзеліспен жиналған қалың қолды 1262 жылдың қаңтарында Құлағуға қарсы қояды. Бұл шайқас 13 ғасырдың тағдырын шешті деуге болады. Осы жеңістің арқасында Берке Алтын Орданы ыдыраудан қорғап қалды. Берке болмаса, Алтын Орда болмас еді. Алтын Орда болмаса, қазақ халқы да қазіргі сипатында болмас еді деп ойлаймын. Өйткені бұл кезең тарихымызға қатты әсер еткен.
Осы оқиғаларға дейін Берке Моңғол империясындағы ұлыстардың татулығына арқа сүйеп саясат жүргізу керек дейтін ұстанымын қайта қарауға мәжбүр болған. Бірақ өзінің геосаяси тұрғыда жалғыз қалғанын ұғып жан-жақты саясат ұстануға көшеді. Сол арқылы өзге мемлекеттермен бірге Құлағу мен Құбылайға қарсы тұруды ойлайды. Осы мүдде оны Мысырда билік құрып отырған Бейбарыс сұлтанмен достастырады. Оған дейін Бейбарыс сұлтан Беркеге 4-5 рет хат жазады. Бірақ ол Құлағумен соғысып жатқан кезде хаттың бәрін жауапсыз қалдырып келген болатын. Құлағуды жеңгеннен кейін Бейбарыспен одақ құру дұрыс деп шешеді. Негізі Беркенің Бейбарысқа салқын қарайтын жөні бар еді. Өйткені, Мысыр билеушісі Беркенің бөлесі болып есептелетін Құтыз сұлтанды өлтірген еді, яғни Құтыз бен Берке бір үйдің екі қызынан туған. Беркенің Бейбарыспен одақ құруы Алтын Орданы да құтқарып қалды деуге болады. Оның 1259 жылдан бастап 1266 жылға дейінгі әрекеттерінің бәрі Алтын Орданы Моңғол империясының басқа ұлыстарының талауынан сақтап қалды. Осылайша Алтын Орда тәуелсіздікке қол жеткізді. Бірақ Берке хан атанбаған. Сондықтан Меңгу Темір Алтын Орданың алғашқы ханы болып есептеледі. 1269 жылы Талас құрылтайы өтіп, Моңғол империясының ресми ыдырауы тіркелді. Біздің 2019 жылы Алтын Орданың 750 жылдығын тойлағанымыз содан. Осылайша Берке сақтап қалған мемлекеттік құрылым қазіргі тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігіне дейін жалғасып отыр.