Бейбіт Шүменов Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының (WBA) нұсқасы бойынша Әлем чемпионы атанды
АЛМАТЫ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас қаласында қарымта кездесу өткізген кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменов Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының нұсқасы Әлем чемпионы атанды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
12 раундтық жекпе-жекте Бейбіт Шүменов испандық Габриэль Кампильоны 117-111, 115-113, 117-111 есебімен ұтты. Г. Кампильо бұл атақты 2009 жылы маусымның 20-сы күні Аргентинаның Санта-Фе қаласында Уго Гараймен болған кездесуде ұпай санымен (114:115, 113:114, 114:114) жеңіп алған болатын. Ал өз атағын тамыздың 15-і күні Астанада қорғаған «Көрікті» деген бүркеншік аты бар бұл боксшыға Бейбіт Шүменов ұпай саны бойынша ұтылған болатын. 1978 жылы ақпанның 9-ында Испанияның Мадрид қаласында дүниеге келген Габриэль кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2002 жылы ақпанның 9-ында өткізген болатын. Осы уақыттың ішінде ол 19 кездесу өткізіп, оның екеуінде жеңілістің ащы дәмін татты. Ал 1983 жылы тамыздың 19-ында дүниеге келген Бейбіт кәсіпқой бокстағы 9 кездесудің 8-ін нокаутпен жеңіп, тек соңғы жекпе-жекте ғана қарсыласына есе жіберген еді. Енді оның қарымтасын қайтарды. Бұған дейін Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының Азия-Тынық мұхит аймағының (WBO Asia Pacific) және Бүкіләлемдік бокс кеңесінің Азия бокс кеңесінің (WBC Asian Boxing Council), Паназиялық бокс қауымдастығының (РАВА) чемпионы атанған Бейбіттің қоржыны бұл жолы Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының Әлем чемпионының алтын белбеуімен толықты.