«Бейбітшілік деген қазынамызды бағалай білейік» - қоғамның Ақтөбедегі оқиғаға қатысты пікірі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 5 маусым күні елімізді дүр сілкіндірген оқиға Ақтөбе облысының орталығында орын алды. Діннің атын жамылған лаңкестер қару-жарақ сататын дүкендерге, әскери бөлімге шабуыл жасап елдің есін шығарған еді.

Осы оқиғаға қатысты саясат пен қоғам қайраткерлері пікірлерін білдіріп жатыр.  Соның ішінде «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде жарық көрген бірқатар пікірлерді жариялауды жөн көрдік.

***

Ғарифолла ЕСІМ,  
академик:
- Ақтөбедегі лаңкестік әрекет жан түршігерлік болды. Бұл өте ауыр жағдай. Қарусыз адамдарға оқ ату, жазықсыз кісіні өлтіру сұмдық. Осы жерде мен бір сөз айтқым келеді. Еш нәрсе аспаннан кеп түсе қалмайды. Мұның өсіп-өнетін жағдайлары бар. Ақтөбеде осындай қауіп-қатер бар екенін біз бірнеше рет айттық. Бұл туралы әкімдікте отырған адамдар қатты ойлануы керек еді. Елімізде дінтанушыларды дайындаймыз. Соларды жұмысқа алу керек. Олар біледі кімнің қалай болып жатқанын. Тағы айтарым, Ақтөбеде қаза болған бейбіт тұрғындардың отбасыларына бекем болыңыздар! Бейбітшілік деген Алла тағаланың бізге берген қазынасы ғой. Сол қазынамызды бағалай білейік!

Ахан БИЖАНОВ, Парламент Сенатының депутаты:
- Елбасы егемен­дігі­мізді алғаннан бері, бірінші күннен бастап тұрақтылық пен ауызбіршілік ең үлкен құндылығымыз деді. Ақтөбеде болған оқиғалар ешқандай адамгершілікке, моральдық нормаларға жатпайды. Осын­дай жағдайда Қазақстан халқы зұлымдыққа қарсы тұра отырып, өз пікірімізді айта отырып, осындай жағдайлар болашақта болмау үшін мемлекет тарапынан, қоғам тарапынан тиісті шараларды қолдануымыз керек. Осыған орай, Ұлы Абай айтқандай, тұрақтылыққа ұмтылып ХХІ ғасырдың обасын жеңуіміз керек.

Айдын СӘБИТОВ, Қазақстанның Жастар Конгресі ЗТҚ атқарушы директоры:
- Біріншіден, бұл жалпы Қазақстан қоғамына қарсы жасалған әрекет болып табылады және құқық қорғау органдарының осы іс-әрекетке қарсы тұрып, тоқтатуға жасаған әрекеттері өте дұрыс деп ойлаймын. Бүкіл Қазақстан халқы болып, қоғамның тыныштығын бұзатын іс-қимылға қарсы шығуымыз керек. Мемлекет тыныштығы мен бірлігін бұзатын нәрсе біздің қоғамға жат. Еліміз, халқымыз, жастар осыны түсініп, осы ретте бірігуіміз өте маңызды.

Марат БАШИМОВ,  
Адам құқығы және Еуропалық құқық жөніндегі институтының директоры:
- Қасиетті Рамазан айы­ның алдында жасалған тер­рорлық акт Қазақстан аза­мат­тарының құқықтарын бұзып тұр. Қарапайым адам­дар өліп жатыр. Бейбіт адам­дардың не жазығы бар? Қазіргі кезде барлық құқық қорғау органдары қылмыскерлерді жазаға тарту жа­ғында. Менің ойымша, әскери жазаға тарту керек. Елбасы манифесте айтты ғой, мұндай террорлық акт дүниежүзінде болып жатыр, біздің Қазақстанда ішкі саясат үстемдігі мен тұрақтылық бар. Бүгінде осындай лаңкестік әрекетке жетелейтін қылмыскерлермен күресу керек!

Бүркітбай АЯҒАН,  
Мемлекет тарихы институтының директоры:
- Бұл жағдай шынымен де елімізді алаңдататын жағдай. Мұндай оқиға елімізде бұрын-соңды болмаған. Қазіргі кезде Қазақстан үшін саяси тұрақтылық, экономиканың дамуы ең маңызды нәрсе. Егер қоғамда тұрақтылық болса, біз елімізді барлық жағынан дамыта аламыз. Ал Ақтөбедегі жағдай туралы айтсам, қазақтың бір мақалы есіме түседі. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді», дейді. Яғни, біз үшін мемлекеттің тұрақтылығын сақтау маңызды. Қылмыскерлер, әрине, ұсталу керек, жазалану керек. Бұл жағдайдың егжей-тегжейіне барып, зерттеу керек деп ойлаймын. Сондықтан, ғалымдар осы оқиғаның себебін зерттеп, соған жауап іздеу керек.
Тәуелсіздік - біздің ата-бабамыздың тарам-тарам ұрпақ арқылы келген арманы еді. Кезінде Жәнібек пен Керей хандар Қазақ елінің Туын көтергенде тәуелсіз мемлекет құруды армандаған. Қазіргі кезде біз дұрыс жолмен келе жатқан елдердің біріміз. Тәуелсіздіктің таңы арайлап атқан кезден бері осы күнге дейін елімізде халық бірлігі, ынтымақтастығы салтанат құрып келеді. Ақтөбедегі жағдай өте қайғылы жағдай. Қаншама адам қаза тапты. Олардың соңында әйелдері, бала-шағасы қалды. Дегенмен, Ақтөбедегі оқиғалар Қазақ еліне қатты әсер етпейді деген ойдамын. Оған мен сенемін. Бірақ, біз үшін мәселе ұраншыл болмай, кертартпа күштердің әсеріне кетіп қалмау керек. Қазіргі таңда дүниежүзінде 3 мыңнан аса халық болса, соның 150-інде ғана өзінің автономды мемлекеті бар. Соның бірі - қазақ халқы. Ендеше, мемлекетімізді сақтауға келгенде біз сабырлық көрсетуіміз керек. Қазақстан Еуропа мен Азияның дәл ортасында орналасқан табиғи қазбаларға бай ел. Сондықтан, біздің елге көз алартушылар, көз тігушілер көп.

Бекболат ТІЛЕУХАН, Парламент Мәжілісінің депутаты:
- Шиеттей 4 баласы жетім, жұбайы жесір қалған, Отанның тыныштығының күзетінде жүрген азаматты қыршыннан қиған адамдарда, терроршыларда ұлт, дін болмайды. Бұл жерде иманның, рухани дүниенің иісі шығуы мүмкін емес. Сондықтан, осы азаматтардың отбасыларына, туған-туыстарына көңіл айтқым келеді. Жалпы, жазықсыз адамның қанын төгу деген үлкен күнә, үлкен қасірет. Әр қазақ менің жалғызым дейміз. Сол қазақты қиған адамда қайдағы иман, қайдағы ұлтшылдық. Ұлт дегеннің «ұ» деген әрпінен, дін дегенннің «д» деген әрпінен садаға кетсін. Сондықтан, мына бір кезеңде елге сабыр тілеймін. Қасиетті айдың қарсаңында осындай шаралардың болуы өздігінен деп ойламаймын. Ар жағында бір қозғаушы күштердің болуы да ғажап емес. Өте қиын, өте ауыр жағдай. Сабыр тілеймін. Туған-туыстарына шын жүрегімнен көңіл айтамын.

Динара САДУАҚАСОВА, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы:
- Осыдан 71 жыл бұрын аталарымыз халқымыз бейбіт елде өмір сүрсін деп бекер қан төккен жоқ. «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының өкілі ретінде бейбіт өмірді сыйлайық деп айтқым келеді. Балаларымыз бейбіт елде өмір сүруі керек. Ертеңгі күнге сенімді болуы керек. Сол үшін бәріміз атсалысайық.

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі  
Дәурен Абаев:
- Кеше барлығымыз үшін де оңай күн болған жоқ. Лаңкестердің қо­лынан қаза тапқандардың туған-туыстарына қай­ғыра көңіл айтамын, ал зардап шеккендердің барлығының да тезірек сауығуларына тілектеспін. Біздің полиция мен әскери қызметшілер қазақстандықтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғай отырып, экстремистердің қылмыстық әрекеттерінің соққысын қабылдады. Осындай қиын кезде қоғамдағы тұрақтылық көп жағдайда ақпараттық алаңда орын алып жатқан жайттарға тәуелді болатындығын түсіну маңызды. Сондықтан Ішкі істер министрлігіндегі әріптестеріме ынты­мақтастығы және қоғамда орын алған жайттың егжей-тегжейімен жедел ақпа­рат­тандырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді. ІІМ баспасөз қызметі жедел жұмыс істеп, түскен ақпараттарды тексеру және жинау мүм­кіншіліктеріне байланысты бірден ресми мәлімдеме жасады. Әрине, оған біршама уақыт қажет болды. Бірақ, ақпараттық вакуум болған жоқ. Бұған қоса, құқық қорғау органдарының нақты ұстанымы жорамалдар мен өсек-аяңның өршуіне жол бермеді және халық арасында үрей туындамады. Біздің журналистерге де кәсіби білігі мен жауапкершіліктері үшін ризашылығымды білдіремін. Оқиға жайындағы материалдар ресми мәліметтерге сүйенген, ал нақты емес деректер жедел теріске шығарылып отырды. Біз мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыратын боламыз.

 

Соңғы жаңалықтар