Бейбіт атом, «Ақылды қала», жаһандық сауда стандарты: қазақ-жапон келіссөзі қай бағытта өрбиді

АСТАНА. KAZINFORM – 18-20 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Жапонияға барады. Сапар аясында император Нарухитомен, Премьер-министр Санаэ Такаичимен кездесу жоспарланған. «Орталық Азия – Жапония» саммитіне қатысып, іскерлік орта өкілдерімен жүздеспек. Kazinform тілшісі Қазақстан мен Жапония арасындағы байланыстың маңызды тұстарына тоқталып көрді.

жапон
Коллаж: Kazinform / Freepik

Стратегиялық әріптестік

Әрине, екі халықтың тарихи һәм мәдени байланысы бұрыннан жоғары. Дегенмен ресми дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 26 қаңтарда орнады. 1993 жылы Жапонияның Қазақстандағы Елшілігі ашылып, 1996 жылы Токиода өкілдігіміз жұмысын бастады. Бүгінге дейін Қазақстан Президенті Жапонияға 5 мәрте сапар жасаса, Жапония Премьер-Министрлері Қазақстанға 2 мәрте қадам басқан.

Негізінен, Қазақстан-Жапония қарым-қатынастары сенімді диалог пен өзара достық байланыстары арқылы өрбіп келеді. Дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы өзара ынтымақтастықты нығайтудың маңызды кезеңі қалыптасты. Мысалы, 1994 жылдан бері Жапонияда Қазақстанмен Парламенттік достық лигасы жұмыс істейді. 2004 жылы Сенатта, 2005 жылы Мәжілісте Жапониямен ынтымақтастықты дамыту жөніндегі топ құрылғанын білеміз. Ал 2016 жылы екіжақты қарым-қатынас жаңа деңгейге – кеңейтілген стратегиялық серіктестікке дейін көтерілген болатын. Қазір қос тарап экономика, экология, қауіпсіздік мәселелерінде байланыс орнатып келеді.

ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы Жадыра Әсетқызының пікірінше, Токио Орталық Азияның тұрақтылығына әсер ете алатын күшке ие.

Жадыра Әсетқызы
Фото: ҚСЗИ

– Токио Орталық Азия елдерінің ішкі өңірлік кооперациясын, олардың өнеркәсіптік әлеуетін және көлік байланыстарын дамытуға мүдделі. Жапония үшін Орталық Азияның Еуразия кеңістігінде дербес және толыққанды ойыншы ретінде қалыптасуы маңызды. Осы мақсатта жоғары деңгейдегі байланыстар көбейді, ОА+ форматы ілгеріледі. Жапонияның Орталық Азиядағы стратегиялық рөлі өңірлік тұрақтылық, өнеркәсіптік даму және көлік-логистика салаларында байқалады, – деді сарапшы.

Экономикалық айырбас: шикізаттан технологияға

Бүгінде екіжақты байланыс стратегиялық және ұзақмерзімді сипатта. Жапония Қазақстанның ең ірі инвесторларының ондығына кіреді. Қазақстанның сыртқы сауда палатасының деректеріне сәйкес, жапон инвестицияларының жиынтық көлемі шамамен 8 миллиард доллар болған. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. 2024 жылы тауар айналымы 2 миллиард доллар шамасына шықты. Ал биыл қаңтар-қыркүйек аралығында сауда-саттық 1,3 млрд долларға жетті: экспорт – 331,9 млн доллар, импорт – 944,2 млн доллар.

жапония
Инфографика: Kazinform

Қазақстан Жапонияға не тасымалдайды? Биыл алғашқы 9 айдың есебін шолып қарасақ, еліміз негізінен шикізат жөнелтіп отыр. Экспорттың 94,8% үлесі ферроқорытпаға тиесілі, 2,3%-ы – тантал, 2,1%-ы – алюминий, 0,37%-ы – инертті газдар.

Жапония 20 тауар позициясы бойынша сауда жасап отыр. Басым бөлігі автокөлік саласына қатысты: импорттың 55,8%-ы – жеңіл автокөліктер, 5,2%-ы – жол және құрылыс техникасы, 5,1%-ы – шиналар, 2,3%-ы – жүк автокөліктері, 1,8%-ы – автокөлік пен тракторға арналған бөлшектер мен керек-жарақтар. Қалған 3,6%-ы – электр генераторлық қондырғылар, 1,4%-ы – медициналық аспаптар мен құрылғылар, 1,3%-ы – физикалық немесе химиялық талдауға арналған тауарлар, 1%-ы – мұнай өнімдері.

Қазір Қазақстанда 60-тан астам жапон компаниясы табысты жұмыс істейді. «Sumitomo», «Marubeni», «Toshiba», «Mitsui» секілді алыптар отандық нарықта орнығып үлгергенін айтуымыз керек. Ендігі кезекте инвесторлар елдегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарымен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытып отыр.

жапония
Инфографика: Kazinform

Токио үшін Қазақстан – жай ғана нарық емес, Еуразиядағы стратегияны әртараптандыру элементі. Бұл ретте еліміз энергетика мен шикізат тасымалы арқылы Еуразияда шешуші рөл атқара алады. Біз әлемдік уран нарығының едәуір бөлігін иемденіп отырмыз және жапондық атом энергетикасын дамыту үшін негізгі әріптес атануымыз мүмкін. Оның үстіне, электроника, электрлі көлік, жоғары дәлдіктегі машина жасау секілді салаларда Қытай импортын азайту үшін Жапония әлеуетін ескеруіміз маңызды.

«Еуразиялық мониторинг» аналитикалық зерттеу орталығының директоры Әлібек Тәжібаевтың айтуына қарағанда, Жапония Қазақстанда шикізат өндіруді ғана емес, оны жергілікті кәсіпорындар арқылы өңдеуге ниеттеніп отыр.

Алибек Тажибаев
Фото: Kazinform

– Ынтымақтастық «шикізатқа технологияны айырбастау» моделі бойынша өрбитіні анық. Мысалы, сирек кездесетін металл өндірісінде JOGMEC секілді компаниялар кенді байыту және қайта өңдеу технологияларын қалыптастыруы ықтмал. Бұл Қазақстан үшін шикізат жеткізуші рөлінен анағұрлым жоғары технологиялық деңгейге көшуге мүмкіндік береді, ал Жапонияға аса маңызды ресурстарды алудың ұзақмерзімді жолы болмақ, – деп болжады саясаттанушы.

Сарапшы Жадыра Әсетқызы Қазақстан-Жапония арасындағы экономикалық келісімнің өзге тармақтарына тоқталды. Оның ішінде сутегі энергетикасы мен «жасыл» инфрақұрылым жобалары бар. Қазір жапондық қаржы институттары «жасыл» сутегі мен аммиактың өндірістік қуатын құру, экспортауды қолдауға дайын. Оған қоса, өнеркәсіпті цифрландыру саласында бірлескен бастама көп. Мәселен, JICA жобасы арқылы отандық кәсіпорындарды автоматтандыру, энергия тиімділігінің арттыру іске асып жатыр. Демек, жапон тәжірибесі өндірістік базаның технологиялық және экологиялық деңгейін күшейтеді деген сөз.

– Қазақстан Жапонияға дәстүрлі шикізат секторынан бөлек жаңа экспорттық позицияларды ұсына алады. Көмір (жылдық көлемі шамамен 115 миллион тонна), металлургия, мұнай-химия және азық-түлік өнімдері экспорты маңызды. Сонымен қатар жапон компанияларының тау-кен металлургиясы, энергетика, инфрақұрылымдық жобалар мен цифрлық технологияларды енгізу салаларына атсалысуы өте өзекті. Бұл бағыттар елдің экспорттық құрылымын әртараптандыруға әкеледі, – деді спикер.

Казахстан и Япония
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

ҚСЗИ Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Ескендір Ақылбаев Президенттің сапары барысында агроөнімдер мен қайта өңделген тауарлар мәселесі қаралады деген пікірде. Бұл жерде маңызды деталь бар. Жапон нарығы кез келген өнімге жоғары талап қояды. Егер отандық өнім Күншығыс еліне енсе, автоматты түрде халықаралық сапаға ие болар еді. Бұл отандық өнімнің экспортын едәуір жеңілдетеді.

– Жапония нарығына ену неғұрлым жоғары стандарттарға бейімделуге және үлкен қосылған құнға дайын болуды талап етеді. Олай дейтініміз, жапондар өнiмнiң қауiпсiздiгiне, экологиялық тазалығына, талаптарды қатаң сақтауға дағдыланған. Мұндай стандарт фермадан экспорттық қоймаға дейiнгi барлық тiзбектi қайту құруға итермелейді. Басты артықшылық, өңірлерде жұмыс орындары ашылады, қайта өңдеу және сақтауға арналған технологияларға қол жетеді, – деді Ескендір Ақылбаев.

Екінші жағынан, келіссөздер кезінде электроника мен аккумуляторға қажетті сирек металдар жайы талқыланбақ, себебі Жапонияда мұндай тауарларға сұраныс тұрақты әрі ұзақ жыл тапсырыс беруге әлеуеті жетеді.

Жасанды интеллект пен жасыл экономика

Жапония Қазақстанды Орталық Азиядан бөле қарамайтыны анық, алайда басымдықты біздің елге беретінін жоққа шығара алмаймыз. Оған экономикалық мүмкіндіктер емес, алдымен екі елдің тағдырлас тарихы себеп болғандай. Өйткені қазақ-жапон қоғамы – ядролық жарылыстың зардабын тартқан халықтар.

жапон
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana Pro

Тәуелсіздік алғалы Күншығыс елі қамқорлығын аяған емес. Алдымен Семей өңірі бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы қарарының тең авторы атанып, 1999 жылы Токио қаласында бұрынғы Семей полигонының проблемалары жөніндегі ірі халықаралық конференцияны өткізуге бастамашы болды. 1998 жылдан бері ел аумағындағы ядролық сынақтардың зардабын зерттеуге қатысты бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Семей, Хиросима және Нагасаки қалаларының медициналық және қоғамдық мекемелері арасында тығыз қарым-қатынас бар.

Бүгінде Қазақстан мен Жапония төмен көміртекті экономикаға көшуде бір ұстанымда. Атом полигонын жабуға жәрдемдескен ел АЭС жұмысына да кеңес беретіні түсінікті. Себебі Жапония – сутегі отынын сақтау, тасымалдау және қолдану технологиясы бойынша әлемдік көшбасшы.

– Жапониямен бірлесіп сутегі отынын сақтау, тасымалдау және қолдану бағытында жобалар ұйымдастыруға болады деп ойлаймын. Тіпті еліміз Азия мен Еуропада сұранысқа ие бастамаларды жүзеге асыра алады.

Айта кетерлігі, Жапонияның энергиялық тұрғыда тиімді, экологиялық таза өнеркәсіпке көшуде тәжірибесі мол. Ондағы компаниялар ондаған жылдар бұрын-ақ lean секілді төмен көміртекті процестерді қолға алды. Аталған технология өндірісті инвестициялау ғана емес, сонымен қатар өндіріс әдіс-тәсілін, мәдениетін түбегейлі өзгертеді. Мұндай тәжірибе ауадай қажет, – деді ҚСЗИ Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Ескендір Ақылбаев.

Сарапшылар қазақ-жапон арасындағы цифрлық технологиялар саласындағы байланыс кеңесуден нақты практикалық кезеңге ойысады деп топшылайды. «Еуразиялық мониторинг» аналитикалық зерттеу орталығының директоры Әлібек Тәжиев қазірдің өзінде отандық нарықта сәтті жұмыс істеп жатқан жапон компанияларын мысалға келтірді.

– Киберқауіпсіздік бағытында Жапония компаниялары маңызды инфрақұрылымдарымызды сәтті қорғап отыр. Демек, деректерді өңдеу мен қорғауда жапондық технологияларға деген сенім жоғары дегенді білдіреді. Сондай-ақ «Ақылды қала» жобаларын әзірлеу кезінде Society 5.0 жапондық цифрландыру тұжырымдамасы назарға алынатынын айта кетуіміз керек, – деді ол.

Сарапшы Токионың қалаларды дамыту стратегиясына қызыға қарайды. Қазақстан тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған жапон урбанизациясын пайдалана алса, Астана, Алматы секілді шаһарларды жоспарлауға тиімді болмақ.

Батыс пен шығыс арасы

Сауда-саттықтың тұрақты өсімі үшін екі арадағы барыс-келісте кедергі болмауы шарт, жүк тасымалы бағыты заманауи талаптарға сай келуі маңызды. Міне, осы екі факторды қалыпқа келтіру үшін келісімдер жүйелі жүріп жатыр.

Маңыздыларына тоқталайық. 2026 жылы наурыз айында Алматы-Токио тікелей рейсінің ашылуы Қазақстан мен Жапония арасындағы байланысты дамытудың маңызды кезеңі болмақ. Ел арасындағы сапар жеңілдеп, туристердің саяхаттауына тың серпін алады. Алдын ала болжам бойынша әуе рейсі іске қосылған алғашқы жылы Жапониядан 5-7 мыңға дейін турист келуі мүмкін.

Токио
Фото: БОРТ №1 / Telegram

«Еуразиялық мониторинг» аналитикалық зерттеу орталығының директоры Әлібек Тәжібаев тікелей рейстердің ашылуы іскерлік ортаға пайда әкелетінін айтады.

– Тікелей әуе қатынасы, ең алдымен іскерлік байланысты жеделдету құралына айналады. Енді ұшу уақыты қысқарып, өзге қала арқылы жету деген мәселе болмайды. Мұндай мүмкіндік инвесторлардың іссапарларын жиілетеді. Тікелей рейс ашылса, топ-менеджерлер жиындарға жеке қатысатынын айтуымыз керек. Себебі жапон бизнес-моделінде инвестициялық шешімдерді қабылдау үшін міндетті түрде тікелей байланыс маңызды саналады. Демек, алдағы уақытта шикізат, инфрақұрылым, технология және қаржы салаларындағы жобаларға жапон инвесторларының қызығушылығы артатынына сенімдімін, – деген ойда сарапшы.

Қазақстандағы сауда жолы, яғни транзиттік дәліздердің дамуы Жапония үшін тартымды инвестициялық алаңға айналады деген болжам басым. Еліміз алдағы келіссөздер нәтижесінде Азия мен Еуропаны байланыстыратын балама көлік және логистикалық бағыт ретінде ықпалын күшейтуі мүмкін. Осыған байланысты Орта дәлізді цифрландыру мен автоматтандыру жобалары жапон тарапынан қолдау табатындай.

– Токио Транскаспий халықаралық көлік бағытын балама солтүстік дәліз ретінде қабылдайды. Сонымен бірге Астананың саяси салмағы, оның өңірлік көшбасшы мәртебесі, Орталық Азия елдерінің позициясын G7 ортасында қорғай білуі де шешуші фактор болып отыр. Осыны ескерген Жапония Қазақстанды Қытай, Ресей мемлекеттерімен қарым-қатынасты жандандыру үшін пайдаланары анық, – деп түйіндеді Әлібек Тәжібаев.

Қазақстан қазірдің өзінде «жасыл трансформацияның» (GX) өңірлік хабы ретінде қалыптасты. Алда жел және күн генерациясы, экономиканы декарбонизациялау бойынша Жапонының Орталық Азиядағы сенімді серіктесі болатындай.

Екіншіден, Қазақстан – логистикалық күш. Аймақтағы тарифтік саясатынан бастап Каспий және Қара теңіз порттарына, Орта дәлізді пайдалану әлеуетіне айтарлықтай ықпал ете алады. Осы есеппен алсақ, Қазақстан жапон кәсіпкерлері үшін өнімін Еуропаға жеткізудің төте жолы болады десек, қателеспейміз.

«Орталық Азия–Жапония» саммиті: Қазақстан қандай ұсыныс айтады?

Кейінгі жылдары Орталық Азияның бүтін блок ретінде әлемдік державалармен келіссөзі көбейді. Бұған «С5+» форматы деген атау беріп, бірлесе әрекет етуге көшкен. ҚСЗИ Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Ескендір Ақылбаевтың сөзінше, Орталық Азия мемлекет басшылары мен Жапония билігінің келіссөзі бұл форматты жандандыра түспек.

Ескендір Ақылбаев
Фото: kisi.kz

– Жапония Орталық Азиямен байланыстың «С5+1» форматын алғаш ұсынған елдердің қатарында. Тіпті 2004 жылы бірінші болып «Central Asia + Japan» диалогін өткізгенін білеміз. Кейін ғана АҚШ, ЕО, Оңтүстік Корея, Парсы шығанағы елдерімен оннан аса «С5+1» форматында жүздесу өтті. Осының ішінде Жапония мен Орталық Азия елдерінің келіссөзі ең алғашқы және тұрақты өтіп келе жатқан кездесу еді, – деп толықтырды Ескендір Ақылбаев.

Шындығына келсек, Жапонияның «C5+1» форматын алғаш ұсынғаны рас. Алайда аталған диалогке қатысқан әр ел «C5+1» форматын жетілдіре түскенін ұмытпауымыз керек. АҚШ форматқа ауқым сыйлады: инфрақұрылымдық жобалар, инвестиция, логистика мен қауіпсіздік мәселелерін қосты. Ал Жапонияның диалогке енгізген жаңалығы ерек: инженерлік шешімдер, өңдеу технологиялары, сутегі, энергия тиімділігі, маңыздысы – адам капиталын дамыту мәселесін көтерді. Мұндай жан-жақты құрылым Қазақстан үшін мызғымас дипломатиялық ұстаным қалыптастырды деуге болады.

ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы Жадыра Әсетқызы «Орталық Азия – Жапония» саммиті өңірдің, оның ішінде Қазақстанның әлемдік экономикалық үрдіске ілесуін жеңілдетеді деп санайды.

– «Орталық Азия – Жапония» саммитінің негізгі тақырыптарының бірі Жасыл экономикалық даму (Green Resilience) және Орталық Азияның көлік байланысы болуы мүмкін. Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, энергетика, көлік инфрақұрылымы, шикізаттық емес өнеркәсіпті дамыту, тұрақты даму салалары талқыланады. Шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған келісімдер орнауы да ықтимал.

Сонымен қатар, БҰҰ шеңберіндегі өзара іс-қимыл, Қауіпсіздік Кеңесін реформалау, орта державалардың рөлі және БҰҰ Жарғысының жекелеген элементтерін қайта қарау мәселелері көтерілетіні белгілі, – деді сарапшы.

Центральная Азия, пятерка
Фото: hausa.cri.cn

Сарапшылар пікірінше, «Орталық Азия – Жапония» саммитінде су қауіпсіздігі, инфрақұрылым тақырыптары талқыланады. Ескендір Ақылбаев бұл қатарға білім беру ісін қосып отыр.

– Қазақстанға Шығыс Азиядан технология мен білім алу керегін де  көптен айтып жүрміз. Елімізде жапондық университеттер – Токио, Киото, Нагои немесе Tokyo Tech университеттері кампусының ашылуы стратегиялық серпіліс болар еді. Осылайша, сутегі энергетикасынан бастап робототехника мен биомедицинаға дейін барлық салада маман дайындауға мүмкіндік алатынымыз анық, – деп түйіндеді спикер.

Қорыта айтсақ, Президенттің Күншығыс еліне сапары бейбіт атом, жаңа технология, сауда-саттық, цифрлық даму бағыттарына серпіліс береді деуге болады. Жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге байланысты ортақ мәмілелерге куә болуымыз да ғажап емес.

Соңғы жаңалықтар