Бейбіт Жұқаев Қытайдағы турнирде жарыстың 1-ракеткасын жолдан тайдырды
Қазақстандықтар Бейбіт Жұқаев пен Денис Евсеев Қытайдағы Шэньчжэн челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.

Рейтингте 302-орында тұрған Бейбіт Жұқаев екінші айналымда әлемнің 69-ыншы, жарыстың 1-ракеткасы, аустралиялық Танаси Коккинакисті 6:3, 6:4 есебімен жеңді.
Бір сағат 13 минутқа созылған матчта Бейбіт 9 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың екеуін сәтті пайдаланды.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 260-ракеткасы Денис Евсеев рейтингте 585-сатыдағы қытайлық Цуй Цзені жолдан тайдырды - 6:4, 6:0. Бір сағатқа созылған бәсеке барысында Денис 3 эйс, 5 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Жартылай финалға шығу үшін Б.Жұқаев рейтингте 503-орындағы белоруссиялық Егор Герасимовпен, Д.Евсеев әлемнің 146-ракеткасы, америкалық Александр Ковачевичпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Қытайдағы турнирде әлемнің бұрынғы 9-ракеткасын ұтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ теннистен әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан жасөспірімдер құрамасы анықталды.