Бейбіт Жұқаев Мексикадағы турнирде екінші қарсыласынан айласын асырды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 206-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Канкун (Мексика) челленджер турниріне жолдама алды.

Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында дүниежүзілік рейтингіде 360-орында тұрған испаниялық Пабло Льямас Руиспен сынға түсті.
Бірінші партияда Бейбіт тай-брейкте табандылық танытты – 7:6 (7:4). Екінші сетті 6:4 есебімен тәмамдады.
Бір сағат 42 минутқа созылған бәсекеде Жұқаев 7 эйспен бірге 3 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ. Руис 11 эйс, 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, негізгі жарысқа өткен Бейбіт Жұқаев алғашқы айналымда әлемнің 97-ракеткасы, аустралиялық Тристан Скулкейтпен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Цинциннати турнирінің төртінші айналымына жолдама алғанын жазған едік.
Сондай-ақ Болгариядағы турнирде Денис Евсеев испаниялық теннисшіні ойсырата ұтты.