Бейбіт Жұқаев Мексикадағы турнирдің жартылай финалында ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 215-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Морелия (Мексика) челленджер турнирінде үшінші кездесуін жеңіспен аяқтады.

Б.Жұқаев ширек финалда әлемнің 172-ракеткасы, швейцариялық Марк-Андреа Хюслермен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Бейбіт 6:3 есебімен басымдылық танытты.
Екіншісінде Хюслер тай-брейкте есе қайырды — 7:6 (7:2).
Соңғы, шешуші сетте қазақстандық теннисші жеңісті жұлып алды — 6:4.
Екі сағат 12 минутқа созылған тартысты матчта Жұқаев 8 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ. Швейцария өкілі 9 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) көзге түсті.
Бейбіт Жұқаев финалға шығу үшін әлемнің 95-інші, осы доданың 1-ракеткасы, аустралиялық Джеймс Даквортпен таласады. Ол ширек финалда рейтингіде 595-сатыдағы мексикалық Алекс Эрнандестің мысын басты — 6:4, 7:6 (8:6).
Егер Б.Жұқаев пен Дмитрий Попко келесі қарсыластарын ұтса, онда финалда өзара чемпиондық атақты сарапқа салады.
Турнир жеңімпазы 28,4 мың доллар табыс тауып, 125 рейтингілік ұпайға қол жеткізеді.
Б.Жұқаев қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде бірден 191-орынға көтеріліп, ТОП-200-ге кіріп тұр. Оның ATP рейтингісіндегі үздік көрсеткіші — 171-орын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Мексикадағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған едік.