Бейбіт Жұқаев Португалиядағы жарыста 21 эйс жасап, ширек финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 244-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Оэйраш (Португалия) челленджер турнирінің ширек финалына шықты.

Қазақстандық спортшы екінші айналымда рейтингіде 253-орында тұрған литвалық Едас Бутвиласпен кездесті.
Бірінші партияда Бейбіт 7:5 есебімен басым түссе, екіншісінде литвалық теннисші есе қайырды – 6:4.
Үшінші, шешуші сетте Жұқаев дес бермеді – 6:1.
Бір сағат 49 минутқа созылған тартысты матчта Бейбіт 21 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Бутвилас 2 эйс, 2 брейктен аса алмады.
Бейбіт Жұқаев жартылай финалға шығу үшін әлемнің 109-ыншы, жарыстың 1-ракеткасы, америкалық Александр Ковачевич немесе рейтингіде 235-сатыдағы эстониялық Марк Лайалдың қай жеңгенімен таласады.
Б.Жұқаев қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 236-орынға көтеріліп тұр.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 249-ракеткасы Денис Евсеев осы додада рейтингіде 307-орындағы португалиялық Фредерику Феррейра Силваға жол берді – 4:6, 6:2, 1:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Португалиядағы жарысты сәтті бастағанын жазған болатынбыз.