Бейбіт Жұқаев Үндістандағы турнирде жарыстың 1-ракеткасын жеңді

ОРАЛ. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 292-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Нью-Дели (Үндістан) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.

Бейбіт Жұқаев
Фото: olympic.kz

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 134-інші, аталмыш жарыстың 1-ракеткасы, аустралиялық Дэйн Суиниге тап келді.

Осыған дейін қарсыластар бір рет кездесіп, онда Жұқаев ұтқан еді.

Бірінші партия тай-брейкте аустралиялық спортшының пайдасына шешілді – 7:6 (8:6).

Бұдан кейін Бейбіт камбэк жасай білді – 6:2, 6:2. 

Екі сағат 17 минутқа созылған тартысты бәсекеде Б.Жұқаев 15 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Суини 6 эйс жасағанымен, 9 брейк-пойнттан түк шығара алған жоқ.
Сөйтіп сенсациялық жеңіске қол жеткізген Бейбіт Жұқаев ширек финалға шығу үшін әлемнің 275-ракеткасы, грекиялық Стефанос Сакелларидиспен таласады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 362-ракеткасы Денис Евсеев алғашқы айналымда рейтингіде 468-орындағы италиялық Александр Биндаға есе жіберді – 7:6 (9:7), 1:6, 2:6. Бұл матч та тартысты өтіп, 2 сағат 20 минутта тәмамдалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Франциядағы жарыста қарсыласын қапы қалдырғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум