Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Бейнебақылау жүйелеріне бірыңғай талаптар енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда бейнебақылау жүйелеріне қойылатын алғашқы ұлттық стандарт бекітілді. Жаңа құжатта бейнекамераларды таңдау, орнату және пайдалану талаптары нақты айқындалған. Стандарт 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне еніп, жаңа салынатын және қайта жаңғыртылатын ғимараттардағы бейнебақылау жүйелеріне қолданылады. Бұл туралы Сауда және интнграция министрлігі мәлім етті. 

Бейнебақылау жүйелеріне бірыңғай талаптар енгізілді
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2026 жылғы 17 шілдедегі № 30-НҚ бұйрығымен «Бейнебақылау жүйелері. Бейнекамералардың түрлері мен орналастырылуына қойылатын талаптар» СТ РК 4031-2026 ұлттық стандарты бекітілді.

СТ РК 4031-2026 — ғимараттар мен құрылыстарды жобалау, салу және реконструкциялау кезінде қолданылатын бейнебақылау жүйелеріне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейтін алғашқы ұлттық стандарт.

Стандарт 2026 жылға арналған Ұлттық стандарттау жоспарына сәйкес әзірленді. Стандартты әзірлеуге өтінім беруші Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті болды. Құжат 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізіледі.

— Құжат бейнекамераларды таңдау, орналастыру және пайдалану талаптарын біріздендіруге, сондай-ақ жабдықтардың өзара үйлесімділігін арттыруға бағытталған. Стандарт жобалау, салу және реконструкциялау кезінде көзделетін, кейіннен цифрлық мониторинг жүйелеріне қосылуы мүмкін бейнекамералар мен бейнебақылау жүйелеріне қолданылады, — делінген хабарламада.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова:

— Стандарттың негізгі жаңалықтарының бірі бейнекамералардың техникалық сипаттамаларына қойылатын бірыңғай ең төменгі талаптардың белгіленуі. Атап айтқанда, матрица түрі, ажыратымдылығы, жарық сезімталдығы, кадр жиілігі, объективтердің параметрлері, жұмыс температурасының диапазоны, сыртқы әсерлерден қорғау кластары, сондай-ақ жабдықты монтаждау және орналастыру талаптары айқындалды, - деп хабарлады ведомстводан. 

Алғаш рет ұлттық деңгейде бейнекамералардың қолданылу мақсатына қарай жіктелуі белгіленді. Олар сыртқы аумақтарды бақылауға, ғимараттар мен құрылыстардың ішкі үй-жайларын бақылауға, адамдарды анықтау мен сәйкестендіруге, көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін тануға, сондай-ақ басқарылатын бейнекамераларға арналған болып бөлінеді.

Сонымен қатар, стандартта бейнебақылау жүйелеріне қойылатын жүйелік талаптар бекітілген. Атап айтқанда, олар бейнемәліметтерді үздіксіз тіркеуді, беруді, өңдеуді және кемінде 30 тәулік сақтауды қамтамасыз етуі тиіс. Жүйелер өзара іс-қимылдың заманауи хаттамаларын қолдауы, ұлттық ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай ақпаратты қорғауы, сондай-ақ тұлғаларды, көлік нөмірлерін тану және оқиғаларды тіркеуді қоса алғанда, зияткерлік бейнеталдауды қолдану мүмкіндігін қамтамасыз етуі қажет.

Айта кетейік, Астанада бейнебақылау камераларының саны бір жылда екі есеге артты.