Бейнеу ауданы тəуелсіздік жылдары ең нашар дамыған ауданнан өркендеген өңірлердің біріне айналды - аудан əкімі

БЕЙНЕУ. ҚазАқпарат - Кеше «Менің Қазақстаным!» пойызы Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында болды. Салтанатты митингтен кейін пойыз мамандары Бейнеу халқына қызмет көрсетуге бел шеше кірісті. Күні бойғы жұмыстың қорытындысын шығарған Бейнеу ауданының әкімі Басшы Әзірханов журналистерді ауданмен толық таныстырды.
None
None

Əкімнің айтуынша, Бейнеу ауданы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары республикамыздағы ең артта қалған отыз ауданның бірі болатын. Ал бүгінгі күні ауданның экономикасы өркендеп, донорлық дәрежеге жеткен. Тұрғындар саны 22 мыңнан 62 500 адамға көбейіп, аталған мерзім ішінде үш есеге дейін өскен. Аудан орталығы Бейнеу кентінде 46 мың адам тұрады. «Ауданымызда әсіресе соңғы кездері орта жəне шағын кәсіпкерлік саласы жақсы дамып отыр. Жаңадан 1900-ден астам уақытша және тұрақты жұмыс орындары ашылып, оған 1466 адам орналастырылды, 392 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды, 151 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді, «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 187 жас маман уақытша жұмысқа қабылданып, оның үштен бірі тұрақты жұмысқа орналасты. «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары бойынша 96 адам қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына, 47 жас маман жастар практикасына жіберілді. 16 тұрғын 45,2 млн. теңге несие алып, 18 жұмыс орнын ашты», - деп атап өтті Б. Əзірханов.

Оның мəліметінше, аудандағы денсаулық сақтау саласына облыстық бюджеттен 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді, 35,8 млн. теңгенің ақылы қызметі көрсетілді. Ауданда 32 мамандық бойынша 90 дәрігер мен 383 арнаулы орта білімді маман жұмыс істейді. «Ауданымызда өндіріс, кәсіпкерлік, инфрақұрылымды дамыту жақсы жолға қойылған. Өткен жылы 600,8 мың тонна мұнай мен 339,5 млн. текше метр газ өндірілді. Негізгі капиталға салынған инвестиция 54,7 млрд. теңгеге, өнеркәсіп өнімінің көлемі 70,8 млрд. теңгеге жетті», - дейді аудан əкімі. Бейнеу ауданының тізгінін 25 жылдан бері ұстап келе жатқан, елдің сонау қиын-қыстау кездегі жағдайын бүгінгі күні жоғары дәрежеге жеткізген Басшы Айжанақұлы бұдан басқа да ауданға қатысты біраз фактілерді журналистердің алдына жайып салды. Мәселен, стратегиялық аса ірі жобалардың бірі саналатын «Бейнеу-Бозой» магистралдық газ құбырының құрылысы басталды. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы «ҚазАзот» ЖШС «Шағырлы-Шөмішті» кен орнын игеру жұмыстары басталады екен. Аудандағы астық терминалы 14,3 мың тонна ұн мен 12,9 мың тонна жем өндіріпті. Ауданда мал шаруашылығының да өсіп-өркендеу сипаты байқалады. Қазір жеке адамдардың қолында 3927 бас сиыр, 92 418 бас қой мен ешкі, 8582 бас жылқы, 13356 бас түйе бар. 202 шаруа қожалығы бюджетке 3,2 млн. теңгенің салығын төлеген. "Кәсіпкерлік нысандарының саны былтырға қарағанда 10 пайызға өскен, тұрғындардың 26 пайызы осы салада жұмыс істейді. Олар 1,5 млрд. теңге салық төлеп, аудандық бюджеттің меншікті кірісінің 57 пайызын құрады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша екі кәсіпкер 30,8 млн. теңгенің несиесін алса, микрокредиттік ұйымдар арқылы 39 тұрғын 140,5 млн. теңгенің несиесін алып, 65 жұмыс орнын ашты. Бейнеуде ашылған «Даму» қорының «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету» орталығы 100 адамға арнайы сертификат берді", - деп түсіндірді аудан басшысы. Сондай-ақ, оның мəліметінше, аудандағы ең үлкен проблема - су. Дегенмен бұл салада да қарқынды жұмыстар атқарылуда. Мəселен, Ақжігіт, Тәжен, Сыңғырлау ауылдарын суландыру жұмыстары толық аяқталды. Республикалық бюджет қаржысына ауылішілік су құбырын тарту және су тазарту қондырғысын орнату жұмыстары басталды. Жыл ішінде 64 мың шаршы метр болатын 494 жекеменшік тұрғын үй салынды. «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасына сай Бейнеуде 4 пәтерлі 6 коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілді. Айта кетейік, «Менің Қазақстаным!» пойызының Бейнеу кентіндегі жұмысы нәтижелі болды. Әділет министрлігі мамандарының қабылдауында 15 адам болып, өздеріне тиісті сұрақтарына жауап алды. Ауыл шаруашылығы, «Даму» қоры, Ұлттық палата мәселелеріне қатысты 31 адам өз сұрақтарымен қабылдауда болды. Халыққа қызмет көрсету орталығы бойынша 15 адам, әлеуметтік мәселелер бойынша 10 адам мамандардың қабылдауында болды. «Менің Қазақстаным!» пойызы дәрігерлеріне 361 адам қаралып, дәрігерлік кеңес және ем қабылдады. Кешке қарай Бейнеу кентінің орталығындағы стадионда астаналық және алматылық өнер қайраткерлерінің концерті ұйымдастырылды. Оған шамамен 10 мыңнан астам адам қатысып, бұған дейінгі қалаларға қарағанда рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

Соңғы жаңалықтар