Бейнеу ауданында қарлы боран саябырсымай тұр
АҚТАУ. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/- Бейнеу ауданында өткен жылдың аяғында басталған қарлы боран бірде басылып, бірде күшейіп жалғасып келеді.
Қаңтар айының 4-де қайта басталған боранның қаупінен сақтану үшін аудан басшылығы облыстан, төтенше жағдайлар қызметі атыраулық әріптестерінен көмек сұрады. Атыраулықтар өздерімен ала келген «Марш-Нива» автокөлігінің көмегімен екі тәулікте қарға батқан 17 көлікті шығарып, ондағы адамдарға ыстық тамақ, жылы киім жеткізген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық төтенше жағдай қызметіне сілтеме жасап.«Мұндай ауа райы мен осы қызметте жүрген он жылда әлі болған емес. Жалпы биылғы қыс қатты. Біз қар тұтқынынан босатқан техникалардың көпшілігі УАЗ автокөліктері. Табаны төмен жеңіл көліктермен қазір тіпті ауыл арасында жүру мүмкін емес. Ал жалпы бізден де басқа қар аршып жатқан қызметтердің мәліметін қосқанда жолда қалған техникалардың саны 80-ге жетіп отыр. Жалпы төтенше жағдай қалпына келгенше осында көмектесетін боламыз», дейді Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті құтқару бөлімшесінің жетекшісі Талғат Масақанов.Аудан басшылығының айтуынша, жексенбі күні Ақжігіт ауылынан 5-6 шақырым жерде жолда қалған 77 жолаушыны құтқару мақсатында Бейнеу стансасынан арнайы бір жолаушы вагоны жіберілген. Олар аудан орталығына жеткізіліп, тиісті көмектер көрсетілді. Сондай-ақ, мал шығыны да жоқ емес. Польша Республикасынан Өзбекстанға апара жатқан 100 бас сиырдың 11-і үсіп өлген. Қалғаны шекарадан өткізілді. Сарға ауылы тұрғынының 300-ден аса қойы ығып кеткен. Бейнеу ауылында екі отбасының 150-ге жуық қойы, «Құланды» шаруа қожалығының 50 қойы өлгені мәлім болды.