20:12, 12 Қаңтар 2009 | GMT +5
Бейнеу ауданында қарлы боранға байланысты төтенше жағдай жарияланды
АҚТАУ. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында жаңа жыл қарсаңынан бері қарлы борасынға орай төтенше жағдай қалыптасып отыр. Ауа температурасы минус 26 градусқа дейін, қардың қалыңдығы кей жерлерде 70-100 сантиметрге дейін барған.
Шалғай ауылдар мен елді мекендердің арасы жабылып қалып, 29 адам жоғалған. Олардың 27-сі табылып, 1-еуі өлген болса, енді бірінен күні бүгінге дейін хабар жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аудан басшылығына сілтеме жасап.«Бұрқасын желтоқсанның 24-і күні түсте басталды. Содан желтоқсанның 26-сына дейін жалғасты. Бірден штаб құрып, төтенше жағдай жарияладық. Төтенше жағдайға дайын тұрған техникаларды жинақтап, әлеуметтік нысандарға үздіксіз кезекшілік қойдық. Осы күндері штабқа 29 адам жоғалды деген хабар түсіп, төтенше жағдай қызметкерлері тікұшақтарының, автотехникаларының арқасында олар табылды. Тек бір адам таудан құлап өлген. Ал Бейнеу ауылының жекеменшік қойын бағатын 1948 жылы туған Ескендіров Орынбай деген кісіден әлі хабар жоқ. Қазір қарлы борасын әлі саябырсымай тұр», дейді Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Қойшығұл Әбілшеев.Табиғаттың төтенше құбылысынан темір жол, тас жолдар қармен жабылып қалған. Оларды аршуға аудан көлемінде орналасқан мекемелерден 60 шақты техника жұмылдырылған. Олар елді мекендерге жол салу, азық-түлікпен қамтамасыз ету, мал басын аман алып қалу, жемшөп жеткізу сынды жұмыстарды атқарып жатыр.