«Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры Қазақстанның оңтүстігін газға тәуелділіктен арылтады- Мемлекет басшысы
АНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры Қазақстанның оңтүстігін газға тәуелділіктен шығарады. Бүгін Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында өтіп жатқан тікелей телекөпір барысында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры құрылысының басталуына байланысты осылай мәлім етті.
«Бұл Қазақстанға өте қажетті құбыр желісі болып табылады. Біздің бүкіл оңтүстік аймағымызды газға тәуелділіктен арылтадыы, ел өзіміздің газды пайдаланатын болады. 15 млрд. текшеметр газ құбыр желісі Бейнеуден Бозойға қосылғаннан кейін беріледі. Бұл газ құбыры Бейнеуден Шымкентке дейін жеткізіледі. 1,5 млн. халқымыз өзіміздің Қазақстан газын пайдаланады, артығын Қытайға сатамыз. Сондықтан бұл құрылыс жылдам бітуі, шапшаң қолданысқа енуі керек. Жұмысқа кірісіңіздер», - деді Президент.
Елбасы рұқсатынан кейін газ құбырының басты компрессорлық стансасында құрылыстың басталуына естелік құты салу салтанаты өтті.
Айта кетейік, Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбыры Қазақстан-Қытай магистралінің бір бөлігі. Жобаның ұзындығы - 1475 шақырым. Ол Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары аумағынан өтеді. Жаңа жоба 400 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз ететін болады.