БЕЙНЕУ ҚОРЫМЫ
Бейнеу қорымы - ХVІ ғасырдан бастап сақталған сәулетті ескерткіштер тобы. Маңғыстау облысының Бейнеу кентінен оңтүстікке қарай он жеті шақырым жерде, Жем мен Сағыз өзендерінің сағасы арқылы Сарайшыққа өтетін ноғайлы керуен жолының бойында орналасқан.
Бейнеу қорымын археолог Т. Жанысбеков зерттеген. Екі терең сайдың арнасымен үш бөлікке бөлінген ауқымды қорым 800-ге тарта бейіт құрылыстарынан тұрады. Көне бөлігі батыс жағында, кейінгілері екі сайдың тік беткейінен түзілген биік мүйіс аумағында шоғырланған. Күмбезді бір бөлмелі қабірханалар, сағанатамдар мен құлпытас, қойтас, сандықтас бейнесіндегі шағын мемориалдық сәулетті сәнді құрылыстар Арал - Каспий аймағына тән құрылыммен тұрғызылған. Сайдың түбінде жартастан қашалып Бекет Ата жер асты мешіті салынған.
Этнографиялық, көркемдік маңызы бар мемориалдық ескерткіштер тобына 3 күмбезді қабірхана, 5 сағанатам, 40-тан астам шағын бейіт кіреді. Бір бөлмелі, шағын күмбезді қабірханалар тас тақта мен қиылған әктастан дәстүрлі әдіспен қаланған. Төртбұрышты негізді арқалық желкендер арқылы күмбезге ұластыра қалап жіберу сол кездегі құрылысшылардың шеберлігін көрсетеді. Қабірхана қасбетінің оңтүстік қабырғасы биіктетіліп тұрғызылған.
Бейнеу қорымының көне оңтүстік-шығыс жақ бөлігіндегі биіктігі 110 см. қоршаулар сағанатам құрылымының ерекшелігі болып табылады. Қорымда өңделген әрі ықшамдалған жабайы қой мүсіні - қошқартас сақталған. Көне бөлігінің солтүстік-шығыс жағында сақталған 4 қойтас пластикалы сәнді элементтердің молдығымен ерекшеленеді.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы,2 том.