Бейнеу – Маңғыстау теміржол жобасы қашан аяқталады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту аясында «Бейнеу – Маңғыстау» теміржол учаскесін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Жоба Мемлекет басшысының елдің көліктік-логистикалық әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде жүзеге асырылуда.
– Жобаның негізгі мақсаты – магистральдық инфрақұрылымды жаңғырту, теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыру және пойыздардың қауіпсіз әрі тұрақты қозғалысын қамтамасыз ету, – делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.
Қазіргі уақытта разъездердің басым бөлігінде негізгі жер жұмыстары аяқталған.
Мамандар рельс-шпал торларын төсеу, жолдарды балластау, бағыттауыш бұрмаларды орнату және темірбетон су өткізу құбырларын ұзарту жұмыстарын жалғастырып жатыр.
№12 разъезде көпір құрылысы жүргізілуде.
– Нысанда іргетас элементтері мен темірбетон тіреулер монтаждалып, қалыптарды орнату жұмыстары орындалды, – деп хабарланды.
Сонымен қатар дабыл беру, орталықтандыру және бұғаттау жүйелерін жаңғыртуға ерекше назар аударылып отыр.
Магистральдық кабельдер мен талшықты-оптикалық байланыс желілерін төсеу толық аяқталған.
Қазір кабельдерді сынақтан өткізу, жалғағыш және тармақтағыш муфталарды орнату, жол жәшіктерін монтаждау және блок-учаскелерді іске қосу-баптау жұмыстарына дайындық жүргізілуде.
Жоба толық аяқталғаннан кейін учаске қабылдау-жөнелту жолдарының заманауи инфрақұрылымымен және қозғалысты басқарудың жаңартылған жүйесімен қамтамасыз етіледі.
– Бұл теміржол тасымалының қауіпсіздігін арттырып, магистральдың өткізу қабілетін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді, – делінген мәліметте.
Жобаның нәтижесінде «Бейнеу – Маңғыстау» учаскесінің өткізу қабілеті тәулігіне 12 жұп пойыздан 17 жұп пойызға дейін артады.
Айта кетейік, теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатқанын мынау сілтемеден оқи аласыз.