Бейсенбіде еліміздің көп бөлігінде құбылмалы ауа райы сақталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 29 желтоқсанда Қазақстан аумағының басым бөлігінде құбылмалы ауа райы сақталып, атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты жауын-шашын болады, республиканың оңтүстік-шығысында тау және тау бөктерлі аудандарында қатты жауын-шашын күтіледі. Кей жерлерде бұрқасын, тұман, көктайғақ болып, жел күшейеді.
Жамбыл облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ, бұрқасын күтіледі, жел 15-20, екпіні 25, таңертең және күндіз облыстың оңтүстік-батысында 30 м/с аса күшейеді.
Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде тұман, көктайғақ күтіледі, Оңтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде жел 15-20, таңертең және күндіз екпіні 25 м/с күшейеді.
Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде бұрқасын болып, жел 15-20 м/с күшейеді. Ақмола облысының кей жерлерінде тұман болады.
Алматы облысының кей жерлерінде тұман болып, Жалаңашкөл ауданында жел 15-20 м/с күшейеді.
Маңғыстау облысының кей жерлерінде тұман болып, түнде кей жерлерінде көктайғақ күтіледі.
Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының кей жерлерінде жаяу бұрқасын болады. Қарағанды облысының кей жерлерінде тұман күтіледі.