Бейжіңде Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 8-ші отырысы өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – 2 қыркүйекте Бейжіңде өтетін Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің (ҚҚІК) отырысында екі елдің ірі бизнес өкілдері бас қосады.

«Самұрық-Қазына» АҚ мәліметіне сәйкес, алдағы іс-шараның күн тәртібіне энергетикалық ынтымақтастықты дамыту және тұрақты «жасыл» өсімді ілгерілету, логистикалық және өндірістік тізбектерді кеңейту кіреді.
– Қытайлық іскер топтардың қызығушылығын ескере отырып, кездесу тәжірибе алмасу, жаңа іскерлік байланыстарды орнату және бұрынғысын нығайту, сондай-ақ экономиканың негізгі салаларындағы ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды алаңға айналады, - делінген хабарламада.
«Самұрық-Қазына» АҚ-ның Қытайдағы өкілдігінің ақпаратына сәйкес, ҚҚІК 8-ші отырысына Қазақстан мен Қытайдан 500-ден астам мемлекеттік органдар мен бизнес құрылымдарының өкілдері, оның ішінде 70-тен астам ірі қытайлық корпорациялар қатысады деп жоспарланып отыр.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың шілдесінде Астанада өткен Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 7-ші отырысының қорытындысы бойынша 3,7 млрд доллардан асатын сомаға 40-тан астам құжатқа қол қойылған болатын.
Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі 2013 жылы құрылған.