Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Бейжіңдегі роботтардың ІІ Дүниежүзілік ойындарына 666 команда қатысады

АСТАНА. KAZINFORM – 22-26 тамыз аралығында Бейжіңде гуманоид роботтардың екінші дүниежүзілік ойындары (World Humanoid Robot Games) өтеді, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.

Бейжіңдегі гуманоид роботтардың ІІ Дүниежүзілік ойындарына 666 команда қатысады
Фото: Синьхуа

Биыл жарыс бағдарламасына 51 спорттық және практикалық дисциплина бойынша 1301 сайыс енгізілген. Оған әлемнің 16 елінен 666 команда және 2056 робот қатысады. Алғашқы ойындармен салыстырғанда командалар саны 138%-ға, ал роботтар саны төрт есе артқан.

Жарыстар Бейжіңдегі «Мұз таспасы» ұлттық коньки тебу стадионында өтеді.

Ұйымдастыру комитеті төрағасының тұрақты орынбасары, Бейжің қалалық экономика және ақпараттық технологиялар басқармасының директоры Цзян Гуанчжидің айтуынша, биыл бағдарламаға ұзындыққа секіру, ауыр атлетика, арқан тарту, үстел теннисі және басқа да жоғары қарқынды сайыстар қосылған.

– Бұл жарыстар роботтардың конструкциясы мен олардың негізгі компоненттері үшін үлкен сынақ болмақ, – деді ол.

Бұдан бөлек, роботтар нақты жұмыс жағдайларына барынша жақын ортада сыналады. Олар өнеркәсіп, қонақүй бизнесі, үй шаруашылығы, логистика және басқа салалардағы тапсырмаларды орындайды.

Робот қолдарының ептілігін тексеруге арналған жеке жарыстар да қарастырылған. Олардың арасында бөлшектерді жинау және беру, тұрмыстық жұмыстарды орындау, өрт сөндіру-құтқару операциялары мен кітаптарды сұрыптау бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстар барысында әзірленген ережелердің едәуір бөлігі кейін роботтарды техникалық қабылдаудың практикалық стандарттарына айналуы мүмкін. Осылайша жарыстар жаңа технологияларды сынақтан өткізіп қана қоймай, гуманоид роботтар өндірісінің дамуына ықпал етпек.

Айта кетейік, жуырда ғана қазақстандық оқушылар Бейжіңдегі робототехника чемпионатында күміс жүлде жеңіп алды.