00:02, 11 Наурыз 2016 | GMT +5
Биатлон: Я.Савицкий әлем чемпионатында 11-інші орынды иеленді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Норвегияның Хольменколлен қаласында биатлоннан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Ян Савицкий 20 км қашықтықтағы жекелей сында 11-інші орынды иеленді.

Championat.com сайтының хабалауынша, Я.Савицкий нысана көздеуден бір ғана рет мүлт кетіп, жеңімпаздан 2 минут 32 секунд қалып қойды. Жалпы, бұл - қазақстандық биатлоншылар арасындағы озық көрсеткіш.
Аталмыш жарыста франциялық Мартен Фуркад тағы да ешкімге дес бермей, чемпион атанса, австриялықтар Доминик Ландертингер мен Симон Эдер екінші, үшінші орынды иеленді. Осы чемпионатта тамаша өнер көрсетіп жатқан М.Фуркад осымен төртінші алтын медаліне қол жеткізді. Медальдар саны жөнінен Франция құрамасы 5 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдемен жеке-дара көш бастап келеді.