Биатлоннан әлем кубогы: Владислав Киреев із кесу жарысында ТОП-20-ға кірді

АСТАНА. KAZINFORM – Аустрияның Хохфильцен қаласында әлем кубогы кезеңінде 12,5 шақырым қашықтықта із кесу жарысы аяқталды.

Биатлоннан әлем кубогы: Владислав Киреев із кесу жарысында ТОП-20-ға кірді
Фото: ҰОК

Бұл додада Қазақстаннан Владислав Киреев пен Әсет Дүйсенов бақ сынады. Із кесу сайысына В.Киреев 33-інші, ал Ә.Дүйсенов 53-інші болып шықты.

Төрт ату айлағында бірде-бір нысанасын мүлт жібермеген Владислав Киреев бірден 20-орынға көтеріліп, спорттық жолында үздік нәтижесіне қол жеткізді.

Владислав осы додада 60 спортшының ішінен мергендік танытқан үш биатлоншының бірі болды. Онымен бірге жарыс жеңімпазы, франциялық Эрик Перро мен 14-орыннан көрінген литвалық Витаутас Строля бірде-бір оғын құр жібермеді. 

Әсет Дүйсенов те жақсы келе жатқан. Ол тек соңғы ату айлағында екі рет мүлт кетті. Соған қарамастан, Әсет те көрсеткішін жақсартып, 16 сатыға жоғарылып, мәре сызығын 37-інші болып қиды. 

Із кесу жарысында Э.Перроға жол берген италиялық Томмазо Джакомель күміс, норвегиялық Йохан-Олав Ботн қоланы қанағат тұтты. 

Әлем кубогында жекелей сында жалпы есепте В.Киреев 35 ұпаймен 37-орында тұр. Сондай-ақ алғашқы 4 ұпайын алған Ә.Дүйсенов 65-сатыға шықты. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық биатлоншының әлем кубогы кезеңінде екінші рет із кесу жарысына жолдама алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар