Бибисара Асаубаева әлемдік элитадағы үздік жетілік қатарындағы орнын сақтап қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық шахматшы Бибисара Асаубаева 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) жаңартқан әйелдер рейтингісінде отандасымыз 7-орында тұр. Оның рейтингі 2527 ұпайды құрады.

Бибісара Асаубаева
Фото: Kazchess.kz

Бұл көрсеткіш қазақстандық шахмат тарихындағы маңызды жетістік саналады. Бибисара Асаубаева — әлемдік рейтингте мұндай жоғары орынға көтерілген алғашқы қазақстандық шахматшы. Ол әлемнің үздік ойыншылары қатарында орнығып отыр.

Рейтингтің көш басында қытайлық шахматшылар келеді: Хоу Ифань (2596), Лэй Тинцзе (2566) және Цзюй Вэньцзюнь (2559).

Асаубаеваның қазіргі нәтижесі — халықаралық аренадағы тұрақты әрі сенімді ойындарының жемісі. Ол жоғары деңгейдегі қарсыластармен тең дәрежеде ойнап, үздіксіз даму динамикасын көрсетіп келеді.

Бұл жетістіктің маңызын арттыратын тағы бір жайт — шахматшының жасы. Бибисара әлемдік элитадағы ең жас ойыншылардың бірі саналады, бұл оның алдағы уақытта одан да жоғары нәтижелерге жету әлеуеті зор екенін аңғартады.

Айта кетейік, Бибисара Асаубаева — блиц шахматтан үш дүркін әлем чемпионы, рапидтен әлемнің вице-чемпионы, үміткерлер турнирінің күміс жүлдегері, Азия чемпионы және Қазақстандағы әйелдер шахматының көшбасшысы.

Сонымен қатар ол «Барыс» ордені II және III дәрежелерімен марапатталған. Бұл марапат Қасым-Жомарт Тоқаев жарлығымен беріліп, оның шахматты дамытуға қосқан үлесінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.

Еске сала кетейік, Бибисара Асаубаева сәуір айында FIDE үміткерлер турнирінде екінші орын алғаннан кейін бірден әлемдік рейтингте 7-орынға көтерілген болатын.

Бұған дейін Бибисара Асаубаева Үміткерлер турнирінен кейін әлемдік рейтингте жоғарылағанын жазған едік.