Бибісара Асаубаеваның жеңісі, партияға кешіккен Магнус Карлсен – шахматтан әлем чемпионаты қалай өтті

Қазақстандғы әлем чемпионаты қалай өтті?
Былтыр шахмат спорты бойынша елімізде өткен үлкен шара – блиц-шахматтан әлем чемпионаты. Оның ұйымдастырылу деңгейін халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) жоғары бағалаған.
«Бұл Қазақстан үшін ерекше оқиға болды. Чемпионат бұрынғыға қарағанда үлкен масштабта өтті. Қазақстан бұған дейін үлкен жарыстар, әлем чемпионаттарын өткізген. Дегенмен мұндай көлемдегі турнирлерді біз әлі ұйымдастырмаған едік. Біз барлық ұйымдастыру командасы, Қазақстан шахмат федерациясы және Халықаралық шахмат федерациясымен бірлесіп жоспарлы әрі нәтижелі жұмыс атқардық. Бұл бізге болашақта бұдан да басқа ірі халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін алаң болды деп зор сеніммен айта аламыз», - деді Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов.
Федерацияның атқарушы директоры Гүлмира Дәулетованың айтуынша, елімізде алғаш ұйымдастырылған шахматтан әлем чемпионатын тамашалауға күн сайын 1500-ден аса адам келген. Тартысқа толы зияткерлік жарыс Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында өткен.
«Әлем чемпионатын біз Алматыда алғаш рет осындай ауқымда өткіздік. Оған әлемнің 46 елінен мықты спортшылар келді. Көрермендер үшін сайыс тікелей эфирде көрсетілді. Біз билеттердің барлығын саттық. Бірде-бір билет қалмады. Бізге қоңырау шалып, орын сұраған азаматтар көп болды. Күн сайын 1500-ден астам адам жарысты тамашалады. Барлығы, әрине, Магнус Карлсен сияқты үздік спортшылардан қолтаңба алуға тырысты. Чемпионат ашылған алғашқы күні көп көрермен жиналды. Біз мықты спортшылардың шахмат тақтасына қалдырған қолтаңбаларын жинап, естелік ретінде шараның демеушілеріне сыйға тарттық», - деп мәлім етті Гүлмира Дәулетова.
Сонымен қатар, сайыстың келесі күні Алматы қаласы бойынша балалар чемпионаты ұйымдастырылған.
«Келесі күні әуесқойлар арасында Алматы қаласының чемпионаты өтті. Бұл жарысқа 100 шахматшы қатысты. Жарысты тамашалауға 200-ден астам жанкүйер жиналды», - деп түйіндеді Гүлмира Дәулетова.
Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры ұсынған мәліметке сәйкес, әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қомақты сыйлықтар табысталған.
«Бұр жарыстың жүлде қоры қомақты болды. Өздеріңіз білетіндей, қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева ол сайыста чемпион атанды. Оған 40 мың доллар сыйақы берілді. Ал ерлер арасында чемпиондық атақ үшін 60 мың доллар табысталды. Сонымен қатар, әлем чемпионатында екінші орын иеленген Динара Садуақасова 30 мың доллар сыйақы алды. Жансая Әбдімәлік те 5-орын үшін гонорар алды», - деді Гүлмира Дәулетова.
Оның сөзінше, 18 қаңтарда Қазақстан шахмат федерациясының съездінде Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, Динара Садуақасова және Ринат Жұмабаевты жоғарғы «Жеңіс» орденімен марапатталған.
«Әлем чемпионы атағын сақтап қалу қашан да қиын...»
Брифингі барысында шахматтың блиц түрінен 2 дүркін әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаева аталған бәсекеге қатысты пікір білдірді. Ол бұл сайысқа аса жоғары жауапкершілікпен дайындалғанын атап өтті.
«Бұл мен үшін жауапты сәт болды. Себебі, әлем чемпионы деген атақты бірінші рет жеңіп алғанға қарағанда, оны сақтап қалу қиын. Маған Польшада өткен бірінші әлем чемпионатында жай ғана сәттілік серік болды деген пікірлер айтылды. Егер мен ол жолы екі медаль жеңіп алсам және оның бірін айқын басымдықпен иеленсем, маған тек сәттілік жеткілікті болғаны ма?!
Ал бұл жолы әлем чемпионаты өз елімде, Алматы қаласында өтті. Коронавирус індеті мені де айналып өтпеді. Мен COVID-пен ауырып қалдым. Бұл менің алғашқы ойындардағы нәтижелеріме әсер етті. Кейін блицте мен өзімді жақсы сезіне бастадым. Чемпиондық атақты сақтап қалу қиын екені белгілі. Бірақ маған жақындарым сенді. Өзімнің де «алтын» аламын деген ішкі үмітім басым болды», - деп бөлісті шахматтың блиц түрінен 2 дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева.
Партияға кешіккен Магнус Карлсен, хиджабсыз өнер көрсеткен ирандық қыз - Әлем чемпионатағы ерекше оқиғалар
Әлем чемпионаты қызықты сәттерімен де есте қалды. Мәселен, сайыстың бірінші күні әлеуметтік желілерде қазіргі әлем чемпионы Магнус Карлсеннің алғашқы партияға кешігіп келгені көрсетілген видео тарады. БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифнгіде Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов Карлсеннің неліктен кешіккенін түсіндірді.
«Магнус Карлсен Қазақстанға жарыс басталардан екі күн бұрын келді. Біз қатысушылар үшін Медеу және Шымбұлаққа арнайы экскурссия ұйымдастырдық. Оның ішінде Магнус Карлсен де болды. Біз оны Шымбұлақтың ең биік шыңы - 3 200 метрге көтерген кезде, ол тауларды көріп, оған өрмелемек болды. Сол жерде ол бізге өзінің физикалық дайындық деңгейін көрсетті. Карлсен тауға өрмелеген жоқ, керісінше ол тау шыңына қарай жүгірді. Біз оның жылдамдығына ілесе алмадық. Бұл Карлсенге қатты ұнады. Ал келесі күні ол бізден көлік сұрап, тауға қайта аттанды. Шымбұлақтан жарысқа қайту керек болған кезде, ол көлік кептелісіне түсіп қалған. Нәтижесінде ол бірінші партияға кешігіп келді. Әрине, үлкен уақыт айырмашылығымен кешікті. Бұл блиц партияда Магнус Карлсенде 29 секунд, ал қарсыласында 3 минут болды. Дегенмен қазіргі әлем чемпионы бұл партияда жеңіске жетті», - деп тоқталды Дәрмен Сәдуақасов ОКҚ-да өткен брифингіде.
Чемпионат өтіп жатқан кезеңде БАҚ беттерінде ирандық спортшы Сара Хадемнің хиджабсыз өнер көрсеткені туралы ақпарат тарады. Осыдан кейін белгісіз адамдардан оның жеке басына қауіп төдіретін мәлімдемелер жасалған. Айта кетейік, Иранның әйелдері үшін орамал тағу міндетті дресс-код болып саналады.
«Мен турнир директоры ретінде әріптестерімді жинап, жағдайды байыпты шешуге тырыстым. Ол қатысушыға қатысты тұрғылықты жерін, маршрутын және басқа мәліметтерді анықтауға тырысқан белгісіз адамдардан қоңыраулар түсті. Сондықтан біз жағдайдың күтпеген жерден күрт өзгеруі мүмкін екенін түсіндік. Тиісінше, әріптестерімізге, серіктестерімізге, Алматы қаласының әкімдігіне спортшының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өтініш жасадық. Біз оның бағытын, қалай кететінін ойластырдық және оны елден қауіпсіз шығаруды қамтамасыз еттік», - деп түсініктеме берді Дармен Сәдуақасов.
Биыл Қазақстанда қандай шахмат сайыстары өтеді?
Қазақстан шахмат федерациясы FIDE-ге әлем біріншілігіне арналған биылғы матчты ұйымдастыру туралы ұсыныс жолдаған. Гүлмира Дәулетова мәлімдеуінше, бұл бастама бойынша алдағы бірнеше күнде шешім қабылданады.
«Шахмат федерациясы FIDE-ге қазір екі жолдама жіберді. Оның бірі - әлем біріншілігіне арналған матчы ұйымдастыру, екіншісі – балалар арасындағы шахмат олимпиадасы. Әлем біріншілігін ұйымдастыру мәртебесін алу үшін біз Аргентинамен таласып жатырмыз. Егер 1-2 күнде шешім қабылданатын болса, осы жарысты сәуірде өткіземіз. Мұнда тек екі ойыншы ойнайды. Олар – қытайлық Дин Лижэнь және ресейлік Ян Непомнящий. Сонымен қатар, біз осы жарыстың аясында балаларға арналған үлкен халықаралық сайыс өткіземіз. Ал екінші жарыс – 16 жасқа дейінгі балалар арасында шахмат олимпиадасы қараша айында өтуі мүмкін. Бұл жарысты өткізу мәртебесі үшін Голандиямен таласып жатырмыз. Егер оны ұтып алатын болсақ, онда қараша айында Алматыда жалпы саны 300-ге жуық 30-40 мемлекеттен келетін командалық жарыс өткіземіз», - деп жоспарларымен бөлісті Гүлмира Дәулетова.