Бибісара Асаубаева әлемдік рейтингте бірінші болуды мақсат етіп отырғанын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлемнің үздік шахматшылары рейтингінде бірінші орынға көтерілуді мақсат етіп отырғанын мәлімдеді.

Асаубаева
Фото: Kazchess.kz

Instagram желісінде шахматшы үздік бестікке енгеннен кейінгі көңіл-күйі туралы айтты.

«Шынымды айтсам, әрбір жетістігімнен кейін өмірім өзгереді деп ойлаймын. Ал жетістіктерім аз емес: әлем чемпионы атағын үш рет жеңіп алдым, гроссмейстер атандым, Үміткерлер турнирінде екінші орын иелендім, Норвегиядағы турнирде жеңіске жеттім, әлемдік рейтингтің үздік бестігіне кірдім. Бірақ өзімді қабылдауымда айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Бірінші орынға шықсам, сонда бәрі өзгеретін шығар», – деді Бибісара Асаубаева.

Оның айтуынша, соңғы жылдары мотивациясы да өзгерген.

«Қазір ойын процесінің өзінен ләззат аламын. Маған шахмат өте ұнайды, онсыз өзімді жайсыз сезінемін. Ал қысымға келсек, соңғы бес жылда ол шамамен бірдей болды. Тек Үміткерлер турнирінде ғана қатты қобалжыдым. Тіпті бәрін тастап кеткім келген кездер де болды. Бірақ ол кезең артта қалды», – деді спортшы.

Биыл 22 жастағы Бибісара Асаубаева тарихи жетістікке жетіп, алғаш рет Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) шілде айындағы рейтингінде 2538 ұпаймен әлемнің үздік бес шахматшысының қатарына енді.

Сондай-ақ маусым айында Ослода өткен Norway Chess Women 2026 халықаралық турнирінде мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, осы турнирді ұтқан алғашқы қазақстандық атанды. Бұған қоса, FIDE Women’s Circuit 2026–2027 маусымының жалпы есебінде көш бастады.

Спорттағы жоғары жетістіктері мен ел спортының дамуына қосқан үлесі үшін Бибісара Асаубаева ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.