Бибісара Асаубаева FIDE рейтингінде әйелдер арасында көш бастады
АСТАНА.KAZINFORM — 8 маусымда Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) Norway Chess Women турнирі аяқталғаннан кейін әлемдік рейтингтің жаңартылған нұсқасын жариялады. Соған сәйкес, қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаева әйелдер арасындағы рейтингте көш бастады.
FIDE мәліметінше, рейтингке әсер ететін Norway Chess Women турнирі (FIDE Women’s Circuit есептеуіне кіретін екі жарыстың бірі) биылғы мамыр–маусым айларындағы жалпы кестедегі күштердің арақатынасын айтарлықтай өзгертті.
— Бибісара Асаубаева бұл турнирдегі жеңісінің арқасында 29,7 ұпай жинап, жалпы есепте бірінші орынға көтерілді. Одан кейін 21,6 ұпаймен қытайлық шахматшы Чжу Цзиньэр екінші орынға шықты. Екеуі де бұрынғы көшбасшы Вайшали Рамешбабудан озып кетті, ол қазір үшінші орында, — делінген FIDE хабарламасында.
Ерлер арасында көшбасшылықты өзбекстандық Нодирбек Абдусатторов сақтап қалды.
— Мамыр айындағы турнирлерден кейін Нодирбек Абдусатторов FIDE Circuit 2026–2027 жарысында Жавохир Синдаровтан сәл ғана алда тұр. Абдусатторов TePe Sigeman турнирінде 7,25 ұпай жинаса, Синдаров Super Chess Classic Romania жарысында 8,53 ұпай алып, арақашықтықты қысқартты, — деп атап өтті федерация.
Үшінші орында Super Rapid and Blitz Poland және Super Chess Classic Romania турнирлерінде жалпы 28,93 ұпай жинаған америкалық гроссмейстер Фабиано Каруана қалып отыр.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева Norway Chess Women-де көш бастаған болатын.
Ол Norway Chess Women 2026 халықаралық шахмат турнирінің де жеңімпазы атанды.