Биыл 1 млн 100 мың тонна қант қызылшасы жиналады
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елімізде шамамен 1 млн 100 мың тонна қант қызылшасы жиналады. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

«Биыл қант қызылшасының егіс көлемі 25,2 мың гектарды құрады. Жалпы жиналатын көлем шамамен 1 млн 100 мың тонна болады деп күтілуде. Меркі қант зауытында 450 мың тонна, Көксу зауытында 250 мың тонна, Ақсу зауытында 400 мың қант қызылшасын қабылдау және оны өңдеу жоспарланған», — деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтуінше, қант зауыттарын айналым қаражатымен толықтыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды кредиттеу тетігі әзірленді.
«Мәселен, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Ақсу Қант» ЖШС-ның айналым қаражатын толықтыру үшін 15 млрд теңгеге өтінімді мақұлдады. Меркі қант зауытын 9 млрд теңге сомасына қаржыландыруға берілген өтінім қарастырылуда. Қант қызылшасын жұмыс істеп тұрған зауыттарға жеткізу тиімділігін арттыру мақсатында қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп қосымша қаражат бөлу мәселесін олпысықтауда. Осы жылы 9 қазандағы жағдай бойынша қант зауыттары 345 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге қабылдады», — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл елімізде қызылша өсіруден рекордтық көрсеткішті игеру жоспарланған.